Оңтүстікте көктемгі су тасқынына тосқауыл жоспары талқыланды

339
Оңтүстікте көктемгі су тасқынына тосқауыл жоспары талқыланды

Көктемде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу қажет. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтың төрағалық етуімен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі мәжілісте айтылды.

Жиында облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов облыс көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен қалыптасып отырған жағдай жөнінде баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыс көлеміндегі 43 су қоймасының тоғызы 100 пайызға толып, транзиттік режимге көшірілген. Яғни бұл дегеніміз – су қоймаларының нөсер жауын мен таудағы қардың еріген суын қауіпсіз қабылдап-өткізу мүмкіндігі төмендеген.

Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін бұл бағыттағы жұмыстар басталып жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізген Нұрболат Бекболатұлы су қоймаларда қауіпсіз режимді сақтау барынша күшейтілгенін алға тартты.

– Мәселен, Жамбыл облысында жауған қатты жауын-шашын мен таудағы қардың еруі салдарынан 30 наурызда Жуалы ауданынан бастау алатын Боралдай өзенінің суы 375 см-ге көтеріліп, Боралдай елдімекенінің тұсында ағысы секундына 250 текше метрді құраған. Жергілікті әкімдік пен полиция, өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері тұрғындармен бірігіп қорғаныс дамбаларының осал жерлерін көтеріп, нығайтып, тәулік бойы қауіпті жерлерге кезекшілік ұйымдастыру сияқты атқарылған жұмыстар нәтижесінде біз тасқын суды өткізіп, Түлкібас ауданындағы бірнеше елдімекенді су басудан қорғадық, – деді Н.Дербісов.

Айта кетейік, Боралдай өзенінің тасқын суы 31 наурыз күні Арыс өзеніне қосылып, судың ағысы секундына 243 текше метр жылдамдықпен өтіп, соның салдарынан Ордабасы ауданы аумағындағы Батыс Европа-Батыс Қытай тасжолының 2226-шақырымдағы Арыс өзенінің қашыртқы каналының үстінен өтетін көпірдің тіректерінің жан-жағын шайылып, опырылып құлады. Қалыптасқан жағдайдан төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында құтқарушылар жолға уақытша шектеу қойып, көлік қатынасы Ордабасы ауданының Темірлан елдімекеніндегі жол арқылы жүргізілген. Осыған байланысты өзен арналарында қажетті шаралар атқару, барлық өзен сулары мен су қоймалары қатаң бақылауға алып, мониторинг жасау жұмыстары жүргізілуде.

Жиын барысында жағдайлардың жай жапсарын мұхият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары өңірде болуы мүмкін тасқын судың алдын алу бойынша шараларды тыңғылықты орындауды жүктеді.

– Өңірдегі көктемгі су тасқынының ерекшеліктерін ескере отырып, оған жан-жақты дайындалмаса болмайды. Қала және ауданға қарасты аумақтарда су басуы қауіпті жерлерде үнемі зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Су қашыртқы каналдар мен арықтарды қоқыстардан тазалап су өткізу қабілетін жоғарылату және су қоймаларында қауіпсіз режимді сақтауды басты негізге алу шарт, – деді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков.

Жиынды қорытындылаған Ұласбек Сәдібекұлы тиісті мекеме басшыларына, сондай-ақ, аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына байланысты жағдайды күнбе-күн бақылап, мониторинг жасап, барлық қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі