Ою-өрнек магиялық мазмұнға ие

8055

Ұлттық киім, әшекей, қолөнер бұйымдарын көркемдеуде ою-өрнектердің өз орнымен қолданылмайтыны көңіл қабаржытатыны рас. «Қазақта тек қошқар мүйіз оюы ғана бар» деп ұғатындар оны әр жерге тықпалап әуре. Ақ самайлы әжелеріміздің, ісмер қолды шеберлеріміздің айтуынша қошқар мүйіз – сырмақтың оюы. Оны бас киімге де, аяқ киімге де тықпалайтындардың білімсіздігіне бас шайқамастан басқа амал кем.

Ою-өрнектердің де өз тілі бар. Өз сыры бар. Бағзы заманда ою-өрнек хаттың орнын алмастырған. Қыздар орамалдың шетіне ою салып, сол арқылы ғашығына ойын жеткізген. Ал ұзатылған қыз төркініне ою-өрнек арқылы хал-жағдайын білдіріп отырған. Осыдан-ақ «ою-өрнекке жай нәрсе» деп қарау – қателік. Көңілге көлеңке түсірері: байырғы дәстүріміздің бір бөлшегі саналар оюлар өз орнымен қолданылмай, шатысып жүр. Бұған, әрине, оюшы-суретші атанып жүргендер кінәлі. Ұлттық оюдың не екенін білмейтін, оның мағыналық ерекшелігінің иісі мұрнына бармайтын адамнан қандай өнер күтуге болады? Көненің көзіндей болған қазақы нақыштағы ою-өрнектеріміздің ұлттық құндылықтан бөлек философиялық мәнге ие екені белгілі. Әр оюдың өзі магиялық мазмұнға ие. Тіпті әрбір ою адамға энергетикалық күш-қуат беретіні дәлелденіп отыр.
Космоэнипсихолог Елена Гомер сан жылдардан бері қазақы ою-өрнектерді зерттеумен айналысып келеді. «Оны бөлек ілім ретінде қарастыру қажет» деп есептейді. Әр оюды өзіндік қуатына сәйкес тиісті мақсатта қолдану қажеттігі белгілі болып отыр.

Мәселен, кей қандастарымыз қытайдың фэн-шуй ілімін игеріп, тез арада материалдық игілікке жетуді мақсат тұтып жүр. Тіпті мұны «материалды және рухани гармонияға жету жолы» деп дәріптеп жүргендер де жоқ емес. Аузына тиын тістеген құрбақаны төріне қойып, тасбақа бейнелі сақина тағып, жетістікке тез жеткісі келеді. Бұдан басқа да өздері ойлап тапқан «заңдылықтары» жетерлік.

Елена Гомер

Мұның орнына тұнып тұрған қазына-байлық белгісі – ұлттық ою-өрнегіміз ерек емес пе? Осы орайда Елена Гомер әр оюдың әртүрлі қасиеті барын зерттеп, дәлелдеген. Сан ғасырлар сарабынан өткен ою-өрнектің энергия беретінін дәлелдеп шықты.

Әзірге жеті түрлі өрнектің қасиетін нақты дәлелдеді. Бұдан бөлек 19 түрлі өрнек зерттелу үстінде екен.

Табиғатпен үндестікті қалайтын қазақ халқының әрбір ою-өрнегі тұнып тұрған философия. Бір ғана оюдың өзінен Табиғат-Ананың түрлі мінезін, айтпақ ойын айқын аңғаруға болады. Ілімге негізделген қазақы ою-өрнектер әдістемесі энергияны басқаруды, табиғи күш пен тепе-теңдікті сақтауды және өмірге деген құштарлықты арттырып, үндестікке жетуді, жеке өмірде бақыт пен табысқа кенелуде қандай да бір ықпалы болады. Оюларымыз – қазақ халқының байырғы ілімдеріне негізделіп, салт-дәстүрлерден бастау алады. Әлемге әйгілі қытайлық фэн-шуйға қарағанда әлдеқайда ықпалды, – дейді Елена Гомер.

Жеті түрлі оюды қажетіне қарай қолдануға: үлкейтіп үйге іліп қоюға да, сөмкелерге не болмаса киімге бедерлеп салуға да болады. Жеті ою, яғни Денсаулық, Жетістік, Отбасы, Қорғаныш, Шығармашылық, Молшылық және Махаббат белгісіне негізделген. «Бұл оюларды күнделікті тұрмыста қолдануды әдетке айналдырсақ, серігіміз сәттілік, жолдасымыз жақсылық болмақ»-деді жоба авторы.

1. Денсаулық оюы – денсаулықты жақсартуға сеп. Сенімділік, беріктік, бекемдік, мықтылық, батылдық, табандылық сынды ізгі қасиеттер дамиды.

2. Отбасы оюы – отбасылық қарым-қатынасты жақсартып, ынтымақ шақырып, береке-бірлікті күшейтеді. Жарасымдылықты қалпына келтіреді. Психо-эмоционалды жағдайды тұрақтандыру, ұялшақтықтан арылу, жеке өмірдегі мәселелерді шешу.

3. Жетістік белгісіндегі ою – көздеген мақсат-мұратыңызға жетуге көмектеседі, әрдайым сәттілік серік болуына септеседі. Мақсатқа жету жолында жағымсыз ойлар мен кедергілерден құтылу. Өмірді көркейту үшін өзіне сенім ұялату.

4. Молшылық белгісіндегі ою – молшылық пен мансап энергияларының белсенділігі күшейтіп, қызметте табысқа жету. Өмірге деген құштарлық пен күш-қайрат айтарлықтай артады. Береке мен молшылық теңгеріледі.

5. Махаббат белгісіндегі ою – жан тынышталады және өзгеге, айналаңызға сүйіспеншілікпен қарайтын боласыз. Нәзіктіктің, жан рахатының, бақыттың энергиясын сезінесіз. Зарығудан, үрей мен қорқыныштан, мұң мен жабырқаудан арыласыз.

6. Шығармашылық оюы – шығармашылық қабілет пен дарынды ашу. Іштегі реніштен арылу.

7. Қорғаныш белгісіндегі ою – әрдайым қорғаныш табасыз. Барлық жағымсыз естеліктер мен бағдарламаларға тосқауыл қояды. Тіл, көз тиюден қорғайды.

Сондай-ақ, зерттеуші қытайлардың бақаны байлықтың белгісі санайтынын дұрыс деп ұғынып, бақаға төрінен орын беретіндерді құптамайды. Батпақ-балшықта өмір сүретін бақаның байлықты қалай шақыратыны расында да түсініксіз емес пе?

«Байлықтың белгісі» ретінде түйе жануарын санаған дұрыс» деп есептейді. «Мұхаммед пайғамбар мініс көлігі ретінде түйе жануарын пайдаланған, Ұлы Жібек жолымен түйе жануары, керуен басын-да түйе жүрген, яғни бұл жануар нағыз байлықтың белгісі» деген оның сөзін құптамасқа амал кем. Осындайда «қолөнер шеберлерінің түрлі матадан кәдесый ретінде түйе кейпін жасайтыны бекер емес» деген ойға қаласың.Сан қырлы ою-өрнекті сараптап, түбіне дейін қаузап зерттеген Елена Гомер ою-өрнектер туралы мағлұматтарды шалғай шеттегі ауыл-ауылдағы көнекөз қариялардан жинапты. Белгілі ғалымдар оның зерттеу жұмыстарын жан-жақты саралай келе, дұрыс санап, қолдау білдіріпті.

Әр ою-өрнек – ғарыш пен адам арасындағы дәнекер. Энергетикалық тасқындарды сезініп, қабылдауға көмек қолын созады. Рухтың оянуына себепкер болады. Рухани даму жолына түсуге көмектеседі. Ою-өрнек әлем сырына үңілуге, сондай-ақ адамның ішкі сезімі мен психикасына қолайлы әсер етуге мүмкіндік береді, – дейді космоэнипсихолог.

Қазақ өнеріне қазақтан артық қызмет қылатын адамдар баршылық. Отандық «фэн-шуйды» қазақтың ою-өрнегіне негіздеген Елена Гомерге қазақ халқы дән риза болар, бәлкім.

P.S Бүгінде әлемнің әр түкпірінен әкелінген байлықтың белгісі, ақша шақыратын белгі деп болмайтын дүниені бойтұмар деп тұтынып жүргендер басым. Олардың діні басқа, ұстанатын ілімі басқа. Мұны қаперіне алмайтындар көп. Оның орнына қазақы ою-өрнек жанымызға жақын емес пе? Әрине әркімнің өзіндік пікірі, өзіндік ұстанымы бар. Біз мұны барлығына таңудан аулақпыз. Сондықтан да мұны қолдау, қолдамау әркімнің өз еркінде…

Гүлжан ЖҰМАШ