«Shymkent-bike» жүйесінің қолданушылары 700-ге жетті

253

Күнгейге көктем келіп, күннің райы жылынғаны сол — тұрғындар көпшілік орындарға көптеп келе бастады. Осы орайда қыс ауасында біраз тұрып қалған «Шымкент-байк» жобасының да бойына қан жүгіре бастады. Қазіргі таңда велосипедке қызығушылық танытқан тұрғындардың көбейгені көңіл қуантады. Олардың бірі жай серуендесе, енді бірі жұмысына қатынап жүр.

Жандос Толыбаевтың жасы 29-да. Жерлесіміз «Шымкент-байк» жүйесінің бекетіне жай бұрылған жоқ, велосипед іздеп келген. Қазір құжаттарын рәсімдеуге кіріскен жігіт кассаға тиісті 1000 теңгесін төледі.

Жандос Толыбаев, қала тұрғыны: «Қазір жеке куәлігімді ұсынып, 1 айға «вело-картаны» алдым. Маған аталған көлік өте тиімді, бір аялдамадай жерде үйім бар және жұмыс орным да алыс емес. Азанымен жұмысқа бару үшін автобусқа мініп, қысылып, қиналып немесе таңғы көлік кептелістерінің кесірінен жұмысқа кешіккенше, велосипедпен оп-оңай жеткенім жақсы. Бір жағынан уақытты, қалтамдағы ақшаны үнемдеймін, екінші жағынан денсаулығым жақсарады, бұлшықеттерім қатаяды».

Еске салайық, «Шымкент-байк» жобасы осыдан 10 ай бұрын, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен жүзеге асқан. Жүйенің алғашқы қолданушысы да шаһар басшысы болды. Күн көзінен қуат алып, арнайы желі терминалымен жасақталған тұлпардың тізгінін ұстаған топ қала көшелерімен шеру ұйымдастырғаны да есімізде.

 

Қуантарлығы, қыс маусымында 2 ай бойы қызметін тоқтатқанымен, қазір шаһарымызда «Шымкент-байк» жобасынының 40 бекеті жұмыс жасауға кіріскен. Онда 200 велосипед тұрғындардың игілігіне беріліп жатыр. Байқағанымыздай, күнгейге көктем келісімен бекеттегі көлік құралдарының қатары анағұрлым азайған. Барлығын шымкенттіктер мініп жүр.

Серік Жұманов, «Шымкент-байк» жүйесінің өңірлік басшысы: «Жасыратыны жоқ, тұтынушылар саны күн сайын көбейіп келеді. Қазірге дейін 700-дей қолданушымыз бар. Ал бұл велосипедті ұрлау мүмкін емес, себебі «GPS» қондырғы орнатылған. Біз күнделікті жағдайды бақылап отырамыз. Егер көлік апаты тіркелсе, алдын ала келісім-шартта көрсетілгендей, шығынды жүргізуші төлейді, бірақ әзірге ондай жағдай іркелген жоқ. Ал өзге майда-шүйде техникалық ақаулар болса, өзіміз жөндеуге тырысамыз».

Жүйе жетекшілерінің айтуынша, экологиялық таза көлікті жалға алудың бағасы қазір қалтаға салмақ түсірмейді. Вело-картаның құны жылына — 11 500 теңге. Бір айта кетерлігі — алғашқы жарты сағатты тегін айдайсыз, қалған әр сағат үшін 100 теңгеден жоғары бағаланады.