Шымкентте «Әдебиет автобусы» жолға шықты. Қала тұрғындары осы акцияға қатысып, ерекше қоғамдық көлікте жүруге мүмкіндік алды. Бұл акцияны облыстық жасөспірімдер кітапханасы 23 сәуір — халықаралық кітап күніне орай ұйымдастырып отыр.
№74 бағыттағы автобусқа мінген жолаушыларының көбі безендірілген көлікті, ұлттық киім киген қыздарды көргенде түсінбей қалғаны рас. Кейіннен кітапхана қызметшілері және тұрақты оқырмандары ерекше акция туралы түсіндіріп, жолаушыларды мерекемен құттықтады. ЭКСПО көрмесі, Қазақстан Республикасының рәміздері, облыстың 85 жылдығы турасында, сондай-ақ, Қазақстандық және шетел әдебиеті туралы сұрақтар қойылды. Ойындар ұйымдастырылды. Дұрыс жауап берген азаматтар сыйлықсыз қалмады.
Бұл акция биыл «Жан-дүниеңе жарты сағат бөл» деген тақырыппен өтуде. Осымен алтыншы рет жолаушыларды қуантқан кітапхана ұжымы «Әдеби автобус» акциясы алдағы уақытта да ұйымдастырылады дейді.
Әлия Әділбек