Шымкентте жұмыссыздардың қатары азаюы мүмкін. Бұл үшін шаһарымызда тағы бір игі бастама қолға алынып, жүзеге асқалы отыр. Мұндай маңызды ақпарды Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылығы мәлімдеді.

Мекеме мамандарының айтуынша, 5 сәуір күні шаһарымызда әдеттегідей бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Оған өңіріміздегі мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау және өзге де мекемелер қатысып, білікті де білімді, өз ісінің үздік мамандарын табуға асығады.

Асылжан Жамалбеков

Мұнда жұмыс берушілер тікелей сұхбаттасу жүргізу арқылы білімді кадрларды таңдап, қызметке қабылдауға мүмкіндік алмақ. Жәрмеңке қаламыздағы «Көрме» орталығында  өтеді деп жоспарланып отыр. Басталуы сағат 10:00-де. Қапы қалмаңыздар!

Асылжан Жамалбеков, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры: “Бос орындар жәрмеңкесіне жұмыс іздеп жүрген кез келген азамат қатысуға құқылы. Тек өзімен бірге жеке куәлігі мен түйіндемесін әкелуі қажет. Айта кететін тағы бір жағдай – бүгінгі қоғамда техникалық мамандықтар мен дәрігерлер, медицина саласын меңгерген мамандар тапшы. Тігінші, аспазшы деген сияқты кәсіптік саланы оқығандар да үлкен сұранысқа ие. Сондықтан, жұмыс іздеуші тұрғындарға атсалысыңыздар деймін! Ал кадрларға өзі туралы қажетті мәліметтерді орталықтың srm2020@mail.ru электронды поштасына немесе 29-01-03 факс нөміріне я болмаса Төлеби көшесі, №26 үйге жолдауын сұранамыз”.