Түні бойы жауған нөсер жауынның салдарынан су тасып, Самал 3 шағынауданындағы ондаған үйдің ауласын су басты. Баспаналарына су кірген жерлестеріміз бізге көмек қолын созған мекеме болмады дейді. Тек таңғы сағат 8 шамасында төтенше жағдай қызметкерлері келген. Алайда арнасынан асқан Қошқар ата өзенінің суын сорғышпен сору мүмкіндігі болмағандықтан, құтқарушылар үй ішіндегі бала-шағаны сыртқа алып шығумен ғана шектелген. Ал канал жағасын нығайтуға міндетті «ЛТД тұрмыс» мекемесінің жұмысшылары қажетті құмды тек түске таман жеткізді.
Арнасынан асып жатқан Қошқар ата өзенінің суын азайту шарасы тез арада қолға алынбаса, тап мынау саз балшықтан салынған баспаналардың быт-шыт болуы әбден мүмкін. Төтеншеліктер мен қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары жауапкершілікті бір-біріне сілтеумен жүр. Ал осы уақыт аралығында бірнеше сарай мен әжетхана құлап үлгерді.
Түнімен топан сумен арпалысқан тұрғындарға түске дейін ешкім қол ұшын созбапты. Төтенше жағдай басқармасының мамандары су астында қалған үй тұрғындарын сыртқа шығарумен шектелген. Айтуларынша, өзен жиегін бөгейтін құмды тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары жеткізуі тиіс екен. Ал аудан әкімдігі мен «ЛТД тұрмыстан» келген басшылар бүкіл қаланы құммен қамтуға үлге алмай жатқанын айтып ақталды.
Тек түске таман арнайы техникамен аз ғана құм жеткізіліп, ені бір метрді ғана құрайтын Қошқар ата өзенінің жағалауын бекіту басталды.
Ал бұл кезде өзге көшедегі талай жерлесіміз көмекке мұқтаждығын айтып, жыларман жағдайға жетті. Осылайша бүгінгі жауын жергілікті билік пен төтеншеліктердің қандай байланыста жұмыс жасайтынын көрсетіп бергендей…
Нұрлан Күдерұлы