Шымкенттің студенттері жаппай флюорографиялық тексеруден өтуде

514
Шымкенттің студенттері жаппай флюорографиялық тексеруден өтуде

Шымкентте студенттерді жаппай флюорографиялық тексеруден өткізу басталды. Бір ай ішінде дәрігерлер жылжымалы арнайы қондырғының көмегімен қаладағы барлық оқу орындарының шәкірттерін бақылаудан өткізбек.

Салаға жауаптылардың сөзінше, студенттердің флюорографиялық тексеруден толық өтуі үшін жағдай жасалмаған. Әрі тексерулердің сапасында күмән бар екенін алға тартады. Сондықтан, дәрігерлер тексеруді оқу орындарының маңында жүргізуде.

Болатхан Сағымбеков, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері: «Адам көп шоғырланған жоғары және орта білім мекемелеріндегі студенттерді толық тексеруден өткізбекпіз. Себебі бұл жастар жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өтуі тиіс. Ал студенттерге ыңғайлы әрі сапалы болуы үшін оқу орнының алдында тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Бүгін ОҚМПИ-дің 3500 студенті, сонымен қатар ОҚФА студенттері тексеріледі. Сондай-ақ, дүйсенбіден бастап басқа да оқу орындарында флюорографиялық тексеру жүргізуді қолға аламыз.»

Осы іс-шара аясында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты және фармацевтикалық академиясының студенттері тексеруден өте бастады. Таңғы сағат 9-дан басталған іс-шара кешкі сағат 17:00-ге дейін жалғасты.