«Созақ кітапханасы Астана мен Алматыға үлгі»

940

Созақ аудандық орталық кітапханасының кітап қоры 400 мың данаға жуық. Арасында сирек кездесетін құнды кітаптар да бар.

«Кітапхана демекші, Оңтүстікте Созақ деген ел бар. Бұл шалғай жатқан, өзіне Қыдыр қонған ел. Ал, біз көрген Созақтың орталығы Шолаққорғанға барыңызшы, мәдениет сарайы салтанатты, кітапханасы Астана мен Алматының кітапханаларына үлгі боларлықтай» деп жазған екен қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстан» газетінде.
Тарихы терең Теріскей өңіріне жолы түсе қалған зиялы қауым өкілдерінен бұл рухани ордаға соқпай өткені кемде-кем болар.

Кітапханадағы «Қолтаңбалар» альбомына көз жүгіртсеңіз, елімізге танымал сөзі зерделі қаншама тұлғаның ықыласты лебіздерін оқып, көңіліңіз марқаяды. Айталық, аңыз-тұлғалар Асанәлі Әшімов пен Қадыр Мырза Әлі, Дулат Исабеков, Мархабат Байғұт, Исраил Сапарбай, Бейбіт Қойшыбай, Ә. Бөпежанова, Дархан Мыңбай, Ханбибі Есенқарақызы, Жармахан Бегалиев, танымал суретші Жеңіс Кәкенұлы сынды белгілі есімдер. Руханият жанашырларының кітапханашы еңбегіне берген байыпты бағалары кәсіби бағытта тың серпін беріп, жаңа ізденістерге жетелеп келеді.

2016 жылғы дерек
бойынша орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне
182 944 оқырман келген. Кітап берілімі 394 569 болған.

«Созақ аудандық орталық кітапханасы адам ақылына сыймайтын аса қиын кезде өзінің байлығын, барлығын сақтап қалған екен, мен соған қуандым. Кітапхана орнында болса, ақыл, парасат та орнында болады. Осы бір тұрақтылықтарыңыз үшін сіздерге көп рахмет!» -депті ақын Қадыр Мырза Әлі 1997 жылы келген сапарында.
«Айта берсек, мұндай жүрекжарды тілектер лебізі таусылмайды», – дейді кітапхана директоры Зылиха Мыңжасарова.

Көптің назарын ерекше аударған бұл рухани орда «Созақ аудандық орталық кітапханасы» деп аталады. 1943 жылы іргетасы қаланған. 400 мыңға жуық кітап қоры Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне жатады. Жүйеде 22 кітапхана: 1 орталық, 1 балалар және 20 ауылдық кітапхана бар. 53 қызметкер еңбек етеді. Көп жылдан бері қызмет жасап келе жатқан кәсіби мамандар да бар.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда орталықтандырылған кітапхана жүйесі қысқартуларға іліккен. Қызметкерлер қысқарған кітапхана қорларын аудан орталығына жинақтап, сақтай біліпті.
Қазіргі таңда жүйе бойынша нақты 385025 кітап қоры болса, оның 258 435-і қазақ тілінде. Зылиха Мыңжасарованың айтуынша, құнды кітаптар да аз емес.

— Құнды кітаптар деп аз таралыммен шыққан жоғары сұраныстағы әр түрлі анықтамалар, танымдық әдебиеттер, белгілі классиктердің кітаптарын айтамыз. Оған ерекше әсем көркем безендірілген форматы жағынан айрықша басылымдар, тарихи әдеби шығармаларды әлем әдебиетінің озық үлгілерін қосамыз, – дейді ол.

Құнды жәдігерлер кітапхана ашылған жылдан бері сақталып, жинақталған. Жылына 9000-ға дейін жаңа кітаптармен толықтырылады екен. Жыл сайын жергілікті бюджеттен 2 млн теңге бөлініп, кітап алынады. Түрлі акциялар өткізу, демеушілер қаржысы арқылы да толықтырылады. Дегенмен, жаратылыстану, техника, денсаулық сақтау ғылымдарын насихаттайтын әдебиеттер аз екен.

Ең көне кітаптар тізімі:

  • Русско – Англиский словарь (составители О.С.Ахманова,Т.П.Горбунова, Государственное издательство иностраных и национальных словарей. Москва – 1949),
  • Всемирная история в десяти томах (Государственное издательство Политической литературы Москва – 1956),
  • Энциклопедический словарь (государственное научное издательство «Большая советская энциклопедия» Москва -1954),
  • Н.К.Гудзий История древней русской литературы (Госудерственное учебно педагогическое издательство Министерство просвещения РСФСР Москва -1956),
  •  Рүстем – дастан Фердауиси «Шаhнамасының» ізімен жырлаған халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуов «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы Алматы 1961),
  •  Француз химигі атақты ғалым Луи Пастерге арналған «ЖЗЛ» сериясымен «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген М.Яновскаяның «Пастер» өмірбаяндық кітабы 1960 ж (орысша),
  •  «Путь Абая» (1960),
  • А.Толстой Собр соч (1958),
  • Джозеф Конрад в 2-х томах (1959),
  • Марк Твен Собр соч (1959),
  • Библиотека мировой литературы для детей.

 

Өткен жылы интернет кабинеті ашылып, пайдаланушыларға арналған екі интернет нүктесі қосылған. Оқырман интернеттен өз бетінше ақпарат іздейді, құжаттарды сканерлеп, реферат шығарады. Үш ауылдық модельді кітапханалар да интернет желісіне қосылыпты. Нәтижесінде оқырмандарды қызықтыратын жинақтар да белгілі болған. Қазіргі таңда М. Әуезов «Абай жолы», Ә. Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар», Б. Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді», Е. Өмірбеков «Шежірелі өлке», «Бабалар соқпағы», С.Мұқанов «Мөлдір махаббат», З. Шашкин, О. Бөкеев, І. Есенберлин, Д. Исабеков, Т. Әлімқұлов, поэзия, тарихи кітаптар, «Жас толқын» сериясы сынды кітаптарға сұраныс көп.

Теріскей өңірінің тарихын танып – білуге құштар өзге өңірлерден келген оқырмандар да баршылық көрінеді. Кітапхана ұжымы оқырман санын тағы да арттыру мақсатында сирек кездесетін әдебиеттер туралы виртуалды насихаттау түрін қолға алмақ.

Созақ аудандық орталық кітапханасының мекенжайы:
ОҚО, Созақ ауданы Шолаққорған ауылы, Жібек жолы көш., 73 үй

8 (71546) 4-16-01
8-775-698-63-96

Жанерке ХҰМАР