Суқараңғылықтан сақтануға болады…

866

Көз жанарынан айырылудан артық қасірет жоқ. Әлемде түрлі аурулардың таралуын жөнінен көз аурулары бесінші орында. Қазақстанда жылына 1 миллионнан астам адам көз дәрігеріне тексеріледі. Әрбір он сегізінші қазақстандық жылына 1 рет көз дәрігерінің емін қабылдауға мәжбүр. Мектеп табалдырығын енді аттаған 20 бүлдіршіннің біреуі көзілдірік тағады. Бұл статистика офтальмологтарды алаңдатуда. Алдағы он жылдықта әрбір жан өз денсаулығына немқұрайлы қараса, көз дертіне шалдыққандардың саны күрт артуы мүмкін. «Көзі мүлдем көрмей, суқараңғы қалған жандар көбейеді» деген қауіп бар.

«Глаукома» дегеніміз қазақшалағанда суқараңғылық дерті. Көздің ішкі қысымының шамадан тыс артып кетуіне байланысты көздегі жүйке талшықтары қызметінің бұзылуынан пайда болатын созылмалы ауру. Кесел адамның ұлтына, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамайды. Дәрігерлердің айтуынша, ауру белгілері кейбір адамдарда байқалмайды, білінбейді. Науқас ешбір белгілерді байқамағандықтан уақыт өткізіп алса немесе біліп тұрып емделмесе, 4-6 жыл ішінде-ақ зағип болып қалады.

Дулат Өмірзақұлы,
ОҚО офтальмология-лық ауруханасының бас дәрігері:
– Суқараңғылық-тың алғашқы сатыларында кейде ешқандай белгі білінбейді. Ауырмайды, қызармайды. Сондықтан дерт асқынған кезде дәрігерге көрініп жатады. Ащы да болса шындықты айтайын. Өңірдегі көз дәрігерлері — аудандық деңгейден жоғары емхана мен ауруханаларда. Ал халықтың басым бөлігі аудан-ауылдарда тұратындықтан көз дәрігеріне дер кезінде қаралуына мүмкіндігі бола бермейді. «Көз – адамның айнасы әрі шырағы». Көзге келетін кішкентай салмақтың өзі адамның еңбекке деген қабілетіне кедергі жасайды. Сондықтан көздің саулығын сақтаған абзал. Ол үшін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жүретін скринингтік тексерілуді ұтымды пайдаланыңыздар.

Облысымыздың бас көз дәрігері Дулат Өмірзақұлы көз ауруларына шалдыққандар жылына 800-950 адамға артып отыратынын алға тартты. Әлемде 40 жастан асқан адамдардың 2 пайызында бұл ауру кездеседі. Сондықтан 2011 жылдан бері елімізде 40 жастан асқан адамдар арасында скринингтік тәсілмен анықтау жолға қойылған. Айталық, облыста 2016 жылы скрининг арқылы 40 жастан асқан 232 532 адам көзінің ішкі қысымын тексерткен. Нәтижесінде 950 адамнан суқараңғылық дертінің белгілері байқалған. Дулат Өмірзақұлы мүгедек тобы тағайындалатындардың 34 пайызын суқараңғылықтан зағип болып қалғандар құрайтынын баса айтты.

Екіншіден, ауру белгілерінің байқалмайтыны тағы бар. Осы себепті, офтальмолог-дәрігерлер аурудың үй жағдайында мынадай қарапайым белгілер арқылы білуге болатынын ескертті.
Көзішілік қысымның қалыпты нормасы – 17-25 мм аралығы. Ал қысымның қалыпты мөлшері 26 мм-ден асса дерттің қаупі бар дегенді айқындайды. Дәрігерлік тексерілуден кейін көзішілік қысымның бар екендігі анықталса, ауруды екі жолмен емдейді.

      Егер:

  • Көздің алды тұманданса;
  • Жарыққа қарағанда «кемпірқосақ» секілді белгі көрінсе;
  • Алдындағы зат айқын көрінбесе;
  • Таңертең 1-3 сағаттай көз, самай, маңдай тұсын бір нәрсе қысып тұрғандай әсер байқалса;
  • Бір жақ көз, бас қатты ауырса;
  • Көз қызарып, қабақ ісініп, көруі нашарласа көз дәрігеріне қаралыңыз. Өйткені, суқараңғылық аяқ астынан дамып, көру қабілетінен аз уақыттың ішінде айырады.

 

Дулат Өмірзақұлының айтуынша, терапиялық ем көз тамшылары арқылы қысымды қалпына келтіреді. Егер терапиялық ем оң нәтижесін берсе, науқас тек дәрігердің бақылауында болады. Көз тамшыларының көмегі тимеса, микрохирургиялық немесе лазерлік сәуле арқылы ота жасалады. Өткен жылы өңірде суқараңғылық диаг-нозы қойылған 833 науқастың 250-іне ота жасалған. Көз ауруларын емдеудің заманауи түрлі тәсілдері бар.

Алайда олардың барлығы 100 пайыз нәтижелі болады деп айта алмаймыз. Себебі, көздің ішкі құрылымы өте күрделі,-дейді өңірдің бас көз дәрігері.

Облыстық офтальмологиялық ауруханасының тел: 

35-93-71

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ