Тариф пен субсидия мәселесі қоғамдық кеңесте талқыланды

412
Тариф пен субсидия мәселесі қоғамдық кеңесте талқыланды

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда бұқараны алаңдатып отырған мәселелер қаралды. Нақты айтқанда кеңес мүшелері коммуналды қызмет тарифтері мен бүгін-ертең шаруаға қажетті субсидия жайын кеңірек талқыға салды.

Ел қазынасынан жыл сайын өңірлерге жарық және ауыз су мәселесін жақсартуға қыруар қаржы бөлінеді. Дегенмен, оның пайдасын көретін — монополистер. Ал тариф жыл сайын халықтың қалтасын жұқартып келеді. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Өмірзақ Мелдеханов коммуналды жүйені жақсартуға бөлінетін қаржының көп болғанымен, неліктен тариф төмендемей отырғаны жайлы жауаптыларға сауал тастады.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімінің орынбасары: «Ең жоғарғы тариф — бізде. Кеше ғана осы мәселеге қатысты тапсырма берілді. Бұл мәселені талқылауға бір апта уақыт берілді. Енді антимонополиямен жұмыс жүргіземіз. Бірақ, қаншаға арзандайтынын әзірге айта алмаймын.»

Өңірдегі егіс алқаптарында көктемгі дала жұмыстарын басталып кетті. Бірақ, дихандар жыл сайын тығырыққа тірейтін мәселелермен биыл да бетпе-бет келіп тұр. Тұқым тапшы, қажет тыңайтқыштар жеңілдетіліп беретін тізімге енбеген. Бұдан бөлек, егіс жұмыстары мен мал шаруашылығын дамытуға бөлінетін субсидия көлемі биыл артса да оны шаруалар кешігіп алатын түрі бар.

Серік Тұрғынбеков, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Ережелердің өзгеруіне байланысты субдияның нормативтері өзгерді. Мысалы, былтыр қолдан ұрықтандыруға 2677 теңге берілсе, биыл — 3844 теңге. Майда ұрықтандыру бойынша былтыр 1092 теңге болса, биыл — 1392 теңге. Министрліктен бағаларды бекіту бізге кеш берілді.»

Мәжілісте тыңдалған мәселелердің біршамасына қатысты ұсыныстар енгізілді. Енді ол ұсыныстар облыс әкімдігі мен мәслихатының қарауына ұсынылатын болады.

Айгүл Керімқұлова