Таскеннің тұрғындары биліктен көмек сұрайды

329
Таскеннің тұрғындары биліктен көмек сұрайды

Таскендегі ағайын биліктен көмек сұрайды. Осыдан 10 жыл бұрын 190-шы орамға көшіп келген тұрғындар өздерін қалалық тұрғын сезініп, толыққанды өмір сүруге қажетті жарық, жол мен мектептің жоғын айтып ашынды. Көпшілікпен кездесуге облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары келді.

Коммуналды жүйелерден жұрдай отырған ағайын бармаған жері, қақпаған есігі қалмағанын айтып ашынады. Мұндағы алғашқы баспаналардың тұрғызылғанына 10 жылдан асқан. Өкінішке қарай, осы уақыт ішінде жергілікті билік тарапынан ешнәрсе жасалмапты. Электр бағаналарын өздері орнатып, жолға төселген шағал тас та қалтадан шыққан қаржыға жеткізіліпті. Ал қаламен көлік қатынасы тым қиын жас балалар білім алу үшін бірнеше шақарымды жаяу жүруге мәжбүр.

«Жолды да өзіміз салдық. Ең болмаса тас төсеп беріңдерші!..»

Көпшілікпен кездесуге келген облыс және қалалық мәслихаттың депутаттары мән-жайды толық түсіндіруге тырысты. Айтуларынша, қаладағы төрт ауданға 50 млн теңгеден бөлініпті. Енді аудан әкімдіктері 21 шаршы метр шағал тасты ең мұқтаж дегендерге төсейді екен. Облыстық мәслихаттың депутаты Нұрмахан Жолдасов өз сайлаушылары қойған барлық сауалдарға жауап беріп, қолдан келгенше қол үшын созатынын мәлімдеді.

Нұрмахан Жолдасов: «Мен мәселені облыс әкімінің орынбасары Д Сатыбалдыға жеткіздім. Ол кісі өз тарапынан жәрдем беріледі деді. Бірақ, барлық жұмыс өз жоспары бойынша жасалады.»

Қалалық мәслихаттың депутаты да қарап отырмауға уәде етті. Енді ол қоғамдық көлік пен қаңғыбас иттерді аулау мәселесін шешіп беруді өз мойнына алды.

Нұрлан Жаңабай