Шыдамы таусылған шымкенттіктердің жанайқайын тыңдар кім бар? Еңбекші ауданына қарасты Тоғыс тұрғын алабының халқы өздеріне тиесілі үй құжатын рәсімдей алмай жүрміз деп ашынады. Жергілікті ағайын Төлеби ауданынан жер учаскелерімен қоса Еңбекші ауданы аумағына өткеннен бері күрделіліктерден көз аша алмай келеді. Мекенжайы бойынша тіркелейін десе, құжаттарын рәсімдей алмай дал. Соның салдарынан балаларына тиесілі жәрдемақыны да ала алмай жүр.
Еңбекші ауданына қарасты Тоғыс тұрғын алабының халқы өздеріне тиесілі үй құжатын рәсімдей алмай жүрміз деп ашынады. Еске салайық, бұл елдімекен Шымкент қаласының аумағына осыдан екі жыл бұрын қосылған еді. Бірақ, мекенжай тіркелуден бастап жерге мемлекеттік акті, үйдің техникалық құжаттары секілді мәселелер тұрғындардың тыныштығын бұзған. Жергілікті тұрғындардың бірі — Дариға Ибрайымбекованың қалаға ауысқалы құжат рәсімдеумен жүргеніне екі жыл болыпты. Әбден жүйкесі жұқарған зейнеткер амалының таусылғанын айтады.
Айзада Кененбаева да шыдамы таусылғанын айтады. Қолындағы құжаттардың қайсысы дұрыс екенін біле тұра оны дәлелдей алмай әлек. Мүмкіндігі шектеулі азаматша ақша берсең болды, мәселеңді шешеміз деген пысықайлардан шаршадым дейді.
Махаметжан Тұрғынов та жүйкесі таусылғанын айтады. Бір құжаттар бойынша ол Ақбұлақ көшесіндегі 23 үйде тұрса, екіншісі Набережная, 25 мекенжайын көрсетеді. Құжатты рәсімдеуде қателік кеткенін ешкім мойындамайды. Болған іс болыпты, енді құжаттарымызды қайта дұрыстап беретін адам бар ма деп ашынады тұрғын.
Шымкенттің іргесіндегі аудандардан өткен елдімекен тұрғындарының басым көпшілігі құжаттарын рәсімдей алмай жүргенінен Еңбекші ауданы әкімдігінің өкілдері хабардар. Бұл мәселені шешуге құзырлы органдар: жер қатынастары, халыққа қызмет көрсету орталығы мен жер кадастрындағы жауаптылармен бірге шешуге де тырысқандарын айтады.
Атқамінерлер осы айдың соңына дейін халықпен тағы бір кездесу өтеді дейді. Жиында құжаттарды рәсімдеуге жауаптылар да арнайы шақырылмақ.