Билік халыққа құлақ асты! Енді Тоғыстықтардың шағымын тиісті мамандар қарауда. Бұған дейінгі жаңалықтарымызда Еңбекші ауданына қарасты Тоғыс тұрғын алабы халқының тілшілерден көмек сұрағаны туралы айтқан едік. Тұрғындар өздеріне тиесілі үй құжатын рәсімдей алмай жүргенін жеткізген. Енді, міне, бүгін жергілікті әкімшілікке арнайы мамандар шақырылып, тұрғындар өз мәселелерінің сұрақтарына жауап алды.
Еске салайық, бұл елдімекен Шымкент қаласының аумағына осыдан екі жыл бұрын қосылған еді. Бірақ, мекенжай тіркелуінен бастап жер учаскесіне мемлекеттік акті, үйдің техникалық құжаттары секілді мәселелер тұрғындардың мазасын алған. Содан үй құжатын рәсімдей алмай жүрміз деп, арнамызға арызданып келген болатын. Тұрғындардың осы шағымын ескерусіз қалдырмаған Еңбекші аудандық әкімшілігі жауапты арнайы мамандармен жиын ұйымдастырды.
Аққыз Дүйсебекова да шыдамы таусылғанын айтады. Қолындағы құжаттарын заң бойынша рәсімдеу үшін қанша есік қаққанын ашына айтып отыр. Жалғызбасты ана қанша анықтама керек болса, соның бәріне қаражат төлеу керек дейді. Ауылы қалаға ауысқанға дейін құжаттар заң жүзінде дұрыс болып, енді рәсімдеуде қателік кеткенін ешкім мойындамайды дейді.
Енді атқамінерлер осы айдың соңына дейін халықпен тағы бір кездесу өтеді дейді. Сол жиында құжаттарды рәсімдеуге жауаптылар да арнайы шақырылмақ. Қалай болғанда да осы мәселе халықтың аманатын билікке жеткізген тілшілердің назарында болады.