Михаил Турецкий бастаған Турецкий хорын посткеңестік елдер түгел таниды. Тек ерлерден жасақталған ерекше топ Шымшаһарға алғаш рет ат басын тіреп отыр. Елге деген құрметін көрсетіп, қазақша шапан киіп шыққан олар концертті қазақ әндерінен бастады.
Тек жанды дауыста ән орындайтын шығармашылық ұжым бұл кеште 30 ән орындады. Әр нөмірдің дайындығы таңдай қақтырады, қай тілде болса да бірінен бірі асады. Расымен де аңызға айналған топ даралығын тағы бір паш етті. Құрылғанына 26 жыл өтсе де жігіт сымбаттары таймаған.
Әл Фараби алаңында өткен концертке әдеттегідей жастар емес, ата-әжелер — кеңес дәуірінің жастары көп жиналған. Олардың топқа деген ерекеше ықыласын аңғару қиынға соқпайды. Құшақ гүлдерін ала келген көпшілік сүйікті әншілерімен бірге ән шырқап, би билеп, белсенділік танытып, өздері де бір жадырап қалды. Келген қонақтар шымкенттіктердің мұндай қонақжайлылығына таңданысын жасырмады. Михаил Турецкий атап өткендей, «мұндай публиканы әлі күнге кездестірмепті».
Атақты топпен бірге Михаил Турецкийдің 11 жасар қызы Имануил Турецкая да өнер көрсетті. 6 жылдан бері сахнада өнер көрсетіп жүрген әнші балапан талантымен көпшілікті бірден баурап алды. Кішкентай Имануил өскенде Бейонсенің орнын басатынына сенімді.