Арыс қаласында ерлік сабағы өтті

Арыс қаласында ерлік сабағы өтті. Қазақ әскері насихатталған ашық есік күні қарулы күштердің құрылғанына 25 жыл толуына ұйымдастырылған. Онда жауынгерлер түрлі ойын түрлері мен техникаларды көрсетіп, өзара сайысып бақты. Ел қорғандарының ептілігін әріптесім Мақпал Рысбаева көріп қайтқан еді.

Қоян-қолтық айқас – ұрыстың әмбебап түрі. Ұрыстың тәсілдерін жақсы меңгерген сарбаз соғыс алаңында өзін қарусыз-ақ қорғай алады дейді әскерилер. Ширақтық пен ептілікті қажет ететін қоян-қолтық шайқасқа Жасұлан Құлшымановтың құлшынысы зор. Үш жыл бойы әскер қатарында қызмет етіп келе жатқан ол бұл айла-тәсілдер жауынгердің өз-өзіне сенімділігін арттыра түседі дейді.

Арыс қаласында ерлік сабағы өтті

Ел қорғандарының ендігі ептілігі сахнада сыналды. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған іс-шара кезінде әскерилер өнерлерін ортаға салып, ән мен жырдан шашу шашты. Сүйіктісінен жырақта жүрген сарбаздардың ән сәлеміне залдағы жастардың ықыласы да зор болды.

Осылайша сарбаздар сайысына ұласқан іс-шара әскери өмірдің қым-қуыт тыныс-тіршілігінен сыр шертті. Аға ұрпақтың ерлігін жалғастыруға бастайтын осынау тағлымды сабақта жастар түрлі әскери ойын түрлері мен техникаларына тәнті болды.

Мақпал Рысбаева