Арыс ауданында ерлі-зайыптылар өздерінің төрт перзенті бола тұра басқа ұлттың балаларын асырап алуға ниет білдірген. Биыл енгізілген жаңа заңға сәйкес панасыз қалған 4-тен 10 балаға дейін қабылдауға Диханбаевтар отбасы алғаш болып үлес қоспақ ниетте. Осылайша еліміздегі жетімдердің азаюына ықпал жасамақ.
Жаңа туыстарын тапқан Габриел, Владимир, Василийдің және Диана мен Айсұлудың құрметіне арнап мұндағы балалар ән салып қуаныштарын білдірді.
Арыс ауданының тұрғындары Диқанбаев Мұқтарбек пен Қарлығаштын үш қыз, бір ұлы бар. Қыздарын құтты орындарына қондырып, ұлы ер жеткеннен кейін 5 бірдей баланы бауырына басуға ниеттенген. Бір қызығы, балалардың үшеуі ағайынды, орыс ұлтынан. Діні мен тілі бөлек болғанына қарамастан асырап алушы отбасы бұл балаларға өз тегімізді береміз дейді.
Мұратбек Диқанбаев: «Мұратбекұлы Василий болады. Осыларды бағым-қағып, үмітін ақтаймын деп сенемін.»
Ал Қарлығаш Диқанбаева 15 жылдан бері осы балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс істейді. Сондықтан балалармен тіл табысуда қиындық болмайды деп сенеді. Қазір ол құжаттарды рәсімдеп жүр. Өйткені балғындар да болашақ өз үйлеріне көшіп келуге асығуда.
Қарлығаш Диханбаева: «Мама, қашан құжатымыз дайын болады деп асығып жүр балаларым. Жаңа жиһаздарға тапсырыс беріп қойдым. Балалардың жағдайын жасасам деймін. Отбасы деген не, оның құндылықтары деген ұғымдарды балаларымның бойына сіңірсем деймін. Ертең өскенде ата-анам бар деп келіп тұрады.»
Енді Арыс ауданында панасыз балалар саны бесеуге кемиді. Дегенмен, мұнда әлі 7 ұлттан тұратын 73 бала бар. Әрине бұл мекеменің басқа балалар үйіне қарағанда өзгешеліктері де бар. Олардың әрқайсысы өз отбасы деп бөліп қойған отбасылық икемділікте тәрбиеленеді. Яғни әр он бала бір шаңырақ болып, тәрбиешісімен бірге өмір сүреді.
Меруерт Сүйіндікова, Арыс ауданы Т.Тәжібаев атындағы отбасылық балалар үйінің басшысы: «Бұл жерде отбасына икемделген. Бала асырап алу — бұл үлкен қадам, артқа қайтпайтын қадам.»
Жалпы өңірімізде мұндай отбасылық үлгісіндегі екі ауыл, үш жетімдер үйі бар. Онда панасыз қалған 369 бала тәрбиеленуде. Десе де, балаларды асырап алуға ниет білгендер саны бүгінде көбейіп келеді дейді мамандар. Ал асырап алушыларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау да бар.