Берілмеген жылудың ақысын сұрайды

250

Биыл жылу маусымы ерте аяқталды. Наурыздың 31-іне қалада жылу беру тоқтатылды. Әйткенмен, коммуналды қызметтердің төлем түбіртегінде сәуір айына жылу ақысы жазылыпты.

Әлімқұлов көшесіндегі №7А үйің тұрғындары түбіртекті көріп, шағымданды. Екі бөлмелі пәтерде тұратын Раушан Шоланова: «Жылу бағасын уақытылы төлейміз. Өзім осы үйдің төрайымымын. «Қуатжылуорталық» мекемесіне жыл басынан бері еш қарызымыз жоқ. Осы көпқабатты үйдегі 57 пәтерде тұратындардың барлығы дер кезінде төлеуін қадағалаймын. 2015 жылы ортақ есептегіш құрал орнаттық. Метеорологтар есептегіш құралдағы көрсеткішті көрсетпей, төлемақы шығарған. Екі бөлмелі пәтеріме қаңтар, ақпан айларында 3700 теңге төледім. Сәуір айындағы түбіртекте 3764 теңге келіпті. Сәуірде жылу берілген жоқ. Неге төлеуім керек? Халықты бұлай тонауға болмайды ғой?» деп ашынды.

Бұл – бір Раушан Шоланованың жанайқайы емес. Сәуір айының коммуналды түбіртегі қолына тиген көпқабатты үйлердің тұрғындарының барлығы мұндайды түсінбей дал.

 

Шымкентте қаланы жылумен қамтамасыз ететін екі мекеме бар. Олар «Энергоорталық – 3» АҚ және «Қуат жылу орталығы-3» МКМ. Биылғы жылыту маусымында жылудың жайынан гөрі, осы қос мекеменің «ҚазТрансГаз» АҚ алдындағы қарызы туралы көп айтылды. Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, қазіргі қарыз – 2 млрд теңге.

Бір бөлмесі жылынып, екіншісінде жылу болмағандықтан тұрғындардың біразы төлем жасаудан бас тартқан. Алайда, бұл – заңсыз. Мұндай істер сотқа жолданып жатыр,-дейді қала әкімінің орынбасары.

Бұл жылу үшін төлем жасамай жүргендердің мәселесі. Ал ас-ауқатынан бұрын коммуналды төлем жасауды бірінші кезекке қойғандардың жағдайы қалай болмақ?! Сауалды «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің бөлім басшысы Марина Хохловаға жолдаған едік.

Жылу маусымының ерте аяқталатынын алдын ала білген жоқпыз. Наурызда біз 25 күн үшін төлем алдық. Қалған 6 күнді сәуір айындағы түбіртекке енгіздік. Тұтынушы өз пәтерінің шаршы метрінің тарифін 123 теңгеге көбейтсе, тұтынған жылудың сомасы шығады. Қуатжылуорталығы тек тұтынған жылуға төлем алатынын айтқым келеді,-дейді бөлім басшысы.

Ортақ жылу есептегіш қойылған Әлімқұлов көшесіндегі №7А үйге қатысты «Ортақ есептегіш құралдағы тұтынған жылуды қашықтықтан анықтайтын құрал арқылы біле аламыз. Тұтынған жылу мөлшері дәлме-дәл әрі нақты көрсетіледі. Тұтынушылар тарапынан сенімсіздік туындаса, осы арқылы біліп отыруына болады» деген жауап айтты.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 3,5 млн шаршы метр жылытылатын алаң бар. 1800 көпқабатты тұрғын үй мен 350 әлеуметтік нысан жоғарыда аталған екі мекеме жылумен қамтамасыз етеді.

«Қуат жылу орталығы -3» МКМ мекенжайы: Жангелдин көшесі №13 үйдің 1 қабаты

Төлемдерге қатысты сұрақтарыңыз болса, абонент, өткізу, сату
бөлімінің телефонына хабарласыңыз.

Тел: 56-50-43

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ