«Нұрлы жол». Өңірімізде осындай тақырыпта күйші, белгілі композитор Нұрсәт Бейсеқожаевтың жеке авторлық кеші өтті. Шығармашылық кешіне күй-қоржынын сүйемелдеу үшін Алматыдағы «қара шаңырақ» – Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрі арнайы шақырылған.
Бүгінде аты аңызға айналған «қара шаңырақ» – Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрі автордың «Өтеген батыр», «Жігер», «Нұрғали» секілді ондаған күйін орындады.
Бүгінге дейін бір емес, жүзге тарта еңбектің авторы атанған Нұрсат Бейсеқожаев тұщымды туындыны жазудағы шеберлігін жайып салды. Автордың айтуынша, күрделі ноталардың күй сазымен үйлесуі үшін музыкалық сауаттың да орны ерек.
Нұрсәт Бейсеқожаев, күйші: «Расында, күй жазу деген – жәй отырып, шығарма жазумен тең емес. Ол ойтүрткі оқиғаны немесе шаббыттың келуін күтеді. Бірақ қолыма домбыраны алғанда ерекше сарындағы саз ойнайтынын да атап өтейін. Алланың берген дарыны шығар, әйтеуір шығармаларымның ноталарынан күйдің шексіздік шарықтауын көремін».
Күйдің құдыреті мен тылсым сырын ұғу үшін кешке келген көпшліктің де қарасы қалың. Бастысы, тыңдарман қауым халықтың төл дәстүрін дәріптеп, күй өнерінің қадіріне жететін өнер иесін көріп, марқайды.