Күнгейде Ұлы Жеңістің 72 жылдығы аталып өтуде

602
Күнгейде Ұлы Жеңістің 72 жылдығы аталып өтуде

Биыл Ұлы Жеңіске -72 жыл. Тарихи датаның құрметіне орай, мереке қарсаңында Еңбекші ауданының әкімдігі қарттарды арнайы шақырып, құттықтады.

Мерекелік құттықтау мен ақ алғыстың барлығы бұл күні ардагерлердің құрметіне арналды. Мәдени жиында жеңісті жақындатқан жауынгерлер жүздеріндегі, жүрегіндегі сол бір соғыс салған сызатын сездірмеуге тырысты, жасырғысы-ақ келеді. Бірақ жиналған жұртшылық ерлікке бас иіп, майдангерлердің есімі мен ерлігін еске алды. ҰОС ардагері Қалтай Бектасов небәрі 18 жасында қан майданға аттанған. Қазір 10 перзентінен 30 немере, 38 шөбере сүйіп отырған кейіпкеріміз өз арманын жасырған жоқ.

Қалтай Бектасов (суретте оң жақта)

Қалтай Бектасов, ҰОС ардагері: «Соғыс өте қиын болды. Тіпті есіме де алғым келмейді. Әу баста тек телефонист ретінде барғанмын, кейіннен қолымызға суық қару алып, жауға қарсы соғыстық. Соңында Алла қолдап жеңіп шықтық қой. Менің қазіргі арманым — біздің ұрпақ соғыс көрмесін, денсаулықтары мықты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Еліміз бен жерімізді әрдайым қызғыштай қорғайтын жастар көбейсін!»

«Ардагерлерге алғыс» жобасын Ұлы Жеңістің 72 жылдығы құрметіне орай Шымкенттегі Еңбекші ауданы әкімдігі қолға алған. Жауапты мамандар мәдени бастама аясында ақ дастархан жайып, концерттік бағдарламасын ұсынды. Игі шарадан жергілікті кәсіпкерлер де шет қалмады. Майдан алаңында Отан үшін от кешкен жауынгерлерге сый-таралғысын табыстады.

 

 

Ғалымжан Ілиясов, Еңбекші ауданының әкімі: «Қалалық әкімдік тарапынан әр ардагердің есеп-шотына тиісті теңге аударылады. Одан бөлек банк ұйымдары да белсенділік танытып жатыр. Яғни, қарттарға құрмет ретінде ақшалай сый-тарту беруге кірісті. Әлеуметтік жағдайлары да ерекше ескеріліп, біздің жіті қадағалауымызға алынған. Біздің аудан мерекелік шаралармен шектелмейміз, алдағы уақытта игі бастамалар мейлінше жүзеге асатын болады».

Осылайша азаттықтың ақ таңы үшін жауға қарсы беттеген жерлестеріміз азалы жылдарды еске алып, қаралы күндердің қайталанбауын тіледі. Бүгінгі ұрпаққа өсиет айтты. Айта кетейік, бүгінде Еңбекші ауданында 2000 ардагер бейбіт күннің куәгері ретінде өмір сүреді. Оның 20-сы — Ұлы Отан соғысының ардагері.