Билік өкілдері Ұлы Отан соғысы ардагерінің үйіне барып құттықтады

482
Билік өкілдері Ұлы Отан соғысы ардагерінің үйіне барып құттықтады

Ұлы Жеңістің 72 жылдығын Шымкентте 105 қарт жауынгер қарсы алды. Өкінішке қарай, олардың қатары жыл санап сиреп келеді. Солардың бірқатары, мерекелік іс-шараларға қатыса алмаған майдангерлер де назардан тыс қалмады. Билік өкілдері қарт жауынгерлердің үйлеріне барып, құрмет көрсетті.

Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері 9 мамыр күні қарт майдангерлердің үйлеріне арнайы барып, құрмет көрсетті. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Алтыбай Бабаевқа Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың құттықтауы табыс етілді.

Майданға 42 жылы аттанған Алтыбай небәрі 19 жаста болатын. №70 гвардиялық қызыл ту атқыштар дивизиясы құрамында алғашқы марапатын Алтыбай Молдовадағы Прут өзеніндегі шайқаста алды. Кіші командирлер құрамында оқу даярлығынан өткен жауынгердің ұмытылмас шайқасы Курск доғасында 1943 жылдың 5 шілдесінен 23 тамызы аралығында өтіпті.

Билік өкілдері Ұлы Отан соғысы ардагерінің үйіне барып құттықтады

Украинада Днепр, Киев пен Житомирді неміс басқыншыларынан азат еткен жауынгер Чехославакияда ауыр жарақат алып, госпитальде емделеді. Кейін қайсар атқыш әскери училищеге оқуға жіберіліп, әскери қызметін Румынияда жалғастырады. Елге Алтыбай 1947 жылы ғана оралады. Бейбіт өмірді 23 жастағы лейтенант майдандағы жолдасы, Свердловск облысының тумасы Василий Кайгородовпен бірге бастайды.

Жас офицер қызметін Шымкенттегі аудандық партия органдарында бастады. 1948 жылы Алтыбай отбасын құрып, жары Айшамен бірге 4 бала тәрбиелейді. Жары тыл еңбеккері. Сұрапыл соғыстың қиындықтарын бастан кешкен бұл отбасы бейбіт заманда үш баласынан айрылды. Қайғыдан денсаулығы сыр беріп, бір аяғын кесіп тастауға тура келді. Алайда рухы биік қарт жауынгер мойымады. Әкесіз қалған немерелерін алақанына салып тәрбиелеуде. Шөбересінің алды бүгінде жоғары оқу орнында білім алуда. Биыл 94 жасқа келген ардагер солардың тілеуін тілеп отыр.

Батыр аталарымыздың ерлігі мәңгілік. Біз де Отандасқандарына 70 жыл толатын Алтыбай ата мен Айша апаға ұзақ ғұмыр, Жеңістің 75 жылдығын да ел арасында тойлау жазсын деген тілекпен жылы қоштастық.