12 мамыр — халықаралық медбикелер күні. Айтулы дата күнгейде де ескерусіз қалған жоқ. Жыл бойы жұмыста белсенділік танытып, науқастардың аяққа тұрып, дұрыс ем қабылдауында қызмет еткен мамандар құрметке бөленді. Еңбегі еленгендерге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев және мәслихаттың құрмет қағаздары тапсырылды.
Бүгінгі мәдени шарада осы саланың үздіктері де анықталды. Сонымен, Оңтүстіктің «Ең үздік бас мейірбикесі» мәртебесіне Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас мейірбикесі Бибігүл Ілебаева лайық деп табылды. Ал Төлеби аудандық емханасының қызметкері, 23 жастағы Ерболат Тұрысбеков «Ең үздік мейіргер» жүлдесімен марапатталды.
Бибігүл Ілебаева, «Ең үздік бас мейірбике» марапатының иегері: «Өте қуаныштымын! 30 жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін. Мыңдаған медбикелердің арасынан мені марапаттауы — бұл жұмысыма деген адалдығым мен махаббатымның белгісі, еңбегімнің еленгені деп білемін! Әрине, біздің жұмысымыз оңай емес, әрбір науқастың қас-қабағын бағып, толық емделуіне дейін назарда ұстаймыз. Уақытылы ем-дом жасалуы үшін де жүгіріп жүреміз. Әр адамға үлкен мейірбандықпен қарап, аурудан айығуы жолында жанашырлықпен мейлінше еңбек етеміз».
Ерболат Тұрысбеков, «Ең үздік мейіргер» марапатының иегері: «Түн демей, күн демей дамылсыз жұмыс жасайтын кездеріміз көп. «Науқастардың дертінен жазылу үшін жан пида!» деген қағидамен бір мен емес, баршамыз жұмысқа жұмыламыз. Біздің жұмыс қателікті кешірмейді, үнемі сақ және сауатты болуың керек! Үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бүгін құрметке бөленіп жатырмын! Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алдағы уақытта да адамдардың өміріне араша болуды жалғастыратыным анық!»
Марапаттау рәсімі концерттік кешке ұласты. Мереке иелеріне әсем ән жолданып, құттықтау лебіздер айтылды. Айта өтейік, мейрамның құрметіне орай күнгейде 45 мейірбике марапатқа ие болды.