Мұнайшылар наурыз мейрамын тойлады

407

«Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент мұнай өңдеу зауытының ұжымы Наурыз мерекесін дүркіретіп тойлады. Бүгінде зауыттың өзінде 1415 жұмысшы еңбек етеді.

Сәуірдің мамыражай күндерінің біріне тура келген Наурыз тойында қазақ халқының барша салт-дәстүрі көрініпстапты. Қыдыр ата бата беріп, ырыс-береке тілеген мейрамға зауыт қызметкерлерінің барлығы дерлік отбасымен қатысты.

Наурызға келген жұмысшылар мен қонақтар мерекелік ақ дастарханнан дәм татып, ұлттық ойындарға қатысып, мәре-сәре күйге бөленді. Арқа-жарқа болған қауының бір тобы арқан тартса, енді бір тобы гір тасын көтеріп, білек күшін сынады. Ұлттық киімде алтыбақан тепкен жастар жағы көпшіліктің назарын аударып, мейрамның сәнін кіргізді.

Мереке барысында халық әндері де назардан тыс қалған жоқ. Той алаңынан ұлттық аспапта әуелете ән салған әншілерімізбен қатар мың бұрала билейтін бишілеріміз де табылды.

Осылайша қазақ ұлттық өнерін тамашалаған шетелдік қонақтар да тәнті болды. Осындай керемет мерекелік көңіл күй сыйлаған зауыт басшылығына компания қызметкерлері алғыстарын жаудырды.

Той соңында зауыт жастары заманауи флешмоб билеп, көпшіліктің көңілін көтерді.

Ахметбек Әбдрахманов, №2 цехтың қондырғы механигі

– Биылғы Наурыз тойы ерекше бір кезде өтті десек болады. Зауытта көп жаңалықтар болды. Көптеген нәтижелі жұмыстар жасалды. Ең бастысы кезекті жөндеу жұмыстарымыз сәтті аяқталып жатыр. Бұйыртса, жаңа цехтың құрылысы басталады. Менің осы мекемеде жұмыс істегеніме 32 жыл болыпты. Наурыз мерекеміз кейінгі жылдарда ғана ашық тойланатын болды ғой. Сол кезден бастап біздің компанияда ұлттық мерекеміз жыл сайын өткізіліп келеді. Қызметкерлердің атынан басшылыққа үлкен алғысымызды айтам. Наурыз мейрамдарыңыз құтты болсын!

Айтбек Аухин, тауар-көлік басқармасының бастығы

– Біздің ұжым Наурыз мерекесін тойлаған күні ауа райы да керемет болып тұр. Осындай ұлттық мерекемізді тойлатып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Биыл басқа жақтан келген қонақтарымыз да бар. Мен әріптестерімізді және қонақтарымызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ісіміз алға баса берсін! Тек сәттілік болсын! Табысымыз көбейіп, әр отбасында бақ-береке болсын! Елімізде жақсылық болсын! Шаршамай, талмай еңбектеніп жетістіктерге жете берейік!

Чэнь Цин Кунь, бас инженер:

– Барлық-тарыңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қазір зауытта жаңғырту жұмыстары жүруде. Жұмысшылардың бәрі де қарбалас еңбек етіп жатыр. Бірақ бұл барлығымыздың бірге осындай айтулы мейрам Әз Наурыз мерекесін тойлауымызға кедергі келтіре алмады. Барлықтарыңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Зауытты жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін қазақсатндықтарға көп пайда әкеледі. Шығарылатын мұнай өнімдерінің сапасы жақсарады.