«Майданнан келген хат.» Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне кірсеңіз, қабырғада ілулі тұрған бірнеше хатқа көзіңіз бірден түседі. Сарғайған хаттар жыртылуға шақ қалған, жазуы көшіп, тіпті отқа күйген.
Бұл -уақыт өткен сайын құнды жәдігерге айналып, ұрыс даласында жүріп, қолы қалт етсе үйіне, ата-ана, туған-туысына амандығын білдіріп жазған сарбаздың жан сыры. Сұм соғыстың ертерек аяқталуын тілеп, үйге оралуды армандаған балаң, бірақ қайсар, жаужүрек отан қорғаған батыр бабалардың арманы. Оқи отырып, туған жер мен мыңдаған шақырым қашықтықта жалғаған бір бума сарғайған қағаздан сағыныш пен қайғы-қасіретті байқау қиын емес…
Зияткерлік мектепте Жеңіс күніне арналған «Майданнан хат» атты байқау ұйымдастырылды. Яғни, оқушылар естіп, оқып, білгенін көз алдына елестете отырып, сол ұрыс даласында жүрген батыр бабалардың орнына өздерін қоя отырып, үйіне хат жазған. Тіпті шынайы шығу үшін қағаздарды умаждап, сарғайтып, тіпті отқа жаққан.
«Біз соғысты көрген жоқпыз, естідік. Соғыстан соң туғандармыз, Етек жауып, ес біліп, соғыс үні жетім болып, жесір боп, тұратындай әлі бізге естіліп» дегендей, ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты біреу — бүгінгі ұрпақ соғысты көрмесе де, жеңістің қандай қиындықпен келгенін білу. Оларды ұмытпай, сол қиындықты сезіне білу. Тыныш өмір сыйлаған бабыр бабалардың рухына тағзым етіп, құрмет көрсету.
Байқауға мектептің барлық оқушылары қатысты. Бірі өзінің соғысқа аттанып, қайта оралмаған атасының бейнесінде өз ойын қағаз бетіне түсірсе, бірі бүгінде қатары сиреп, сана азайып бара жатқан ардагерлердің соғыс туралы айтқан естеліктерін жеткізіпті. Енді бірі халық қаһармандарын, олардың жүріп өткен сан қилы жолы туралы оқып-білгендерін хатқа түсірген.