Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Облыс әкімінің өкімімен бұл лауазымды енді Батырхан Құрмансейіт атқарады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Батырхан Құрмансейіт — 1975 жылы туған, білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Орталық-Азия университетін бітірген. Мамандығы бойынша шығыстанушы-филолог, жапон әдебиеті пәнінің оқытушысы, заңгер, PhD докторы, І хатшы дипломатиялық дәрежесі бар.
Еңбек жолын «NIKA SERVICE-1» ЖШС мекемесінде директор болып бастаған. 2008-2014 жылдары Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы, Қазақстан Республикасының Жапониядағы елшілігінің екінші, бірінші хатшысы, кеңесшісі, кеңесші-уәкілі, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің сыртқы саясат орталығының инспекторы, ҰКП «Атамекен» сыртқы сауда палатасының халықаралық ынтымақтастық департаменті секторының меңгерушісі лауазымдарын, 2015-2016 жылдары «New & Rare Resources» ЖШС бас директоры қызметін атқарған.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған.