ОҚО прокуроры: «Халықтың билікке деген сенімін арттыру керек»

422
ОҚО прокуроры: "Халықтың билікке деген сенімін арттыру керек"

Халықтың құқық қорғаушыларға деген сенімін арттыру мақсатында азаматтардың өтініш-арыздарын сапалы әрі тиімді қарау қажет. Бұл пікір Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы жанындағы үйлестіру кеңесінің мәжілісінде айтылды. Қазақстанның бас прокуратурасы қолға алған «Тиімді шағымдар қоғамы» жобасы да осы мақсатта атқарылып жатқан істердің ілкімділігін арттырады.

Азаматтардан келіп түсетін арыз-шағымдарды қарау кезіндегі салғырттыққа жол беру, сылдыр жауап, самарқау көзқарас елдің мемлекеттік органға деген сеніміне селкеу түсірері сөзсіз. Бүгінгі басқосуға жиналғандардың дені осы пікірді қуаттады. Арыз шағымдарды қараудың тиімділігін арттыру бағытында ұсыныстар жасалып, сыни пікірлер де айтылды.

Облыс прокуратурасының бұл бағыттағы бастамалары — билік пен қоғам арасын жақындатуға жарқын жол. Жақында өткен «Халық заңгері» акциясының аясында 3 сағаттың ішінде 350 азаматқа құқықтық көмек берілген. Облыс прокуроры мұндай іс-шараны тұрақты, бір орталықтан атқару керек дейді. Сондай ақ, Шымкенттегі аудандық прокуратуралар жанынан ашылған қабылдау орталықтарының жұмысының жемісті екенін аз ғана уақыт ішінде дәлелденіп үлгірген. Енді облыстық прокуратура ғимаратының жанынан да дәл осындай қабылдау орталығының құрылысы басталды.

Жанар Есенбекова