Ақ тілек-құттықтаулар мен еңбектің еленуі, мадақтама-алғыс хаттың арналуы. Мұндай құрмет-ықыласты бұл күні қызыл кілеммен марқая жүріп өткен мәдениет саласының үздіктері сезінді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміздегі өнер саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Сахнаны әнмен тербеп жүрген ерекше дауыс иесі, бүгінде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әртісі Құрманбек Шойынбаев та көптің алдында құрметке бөленді.
Құрманбек Шойынбаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері: «Елеп, ескерген жергілікті билікке рахмет! Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын! Бұл менің сахнаға, өнерге сарп еткен 47 жылымның жемісі деп білемін! Осы азды-көпті уақыттың ішінде мәдениет саласының өзіме артылған жүгін жауапкершілікпен еңсеруге тырыстым. Алдағы уақытта да тыңдарман қауым үшін еңбек ету — парызым! Сондықтан, бұл марапат тек бізді қанаттандыратынын ерекше атап өткім келеді».
Еңбегі еленгендердің арасында жазушылар мен сәулетшілер, қолөнершілер және шәкірт тәрбиелеген педагогтар да бар. Күміс көмей әншілер де көптің алдында алғыс хат пен қаржылай сый тарту — 300 мың теңгеден алды. Мәдени шараға арнайы шақырылған әнші Алтынай Жорабаева да марапаттан шет қалмады. Талай дүркін халықаралық байқауларды топ жарып, күнгейдің ғана емес, еліміздің абыройын асқақататып жүрген эстрада жұлдызы өнер жолында кездесетін қиындықтарды жасырған жоқ.
Алтынай Жорабаева, әнші: «Жерлестерімді көріп, қуанып қалдым! Баршасы да үлкен құрметпен, ерекше көңілмен қарсы алып жатыр! Бойымды мақтаныш сезімі кернеп тұр қазір. Әрине, өнер жолы — оңай емес, бірақ шыңға бір шыққан соң, биіктен құламауың керек. Іздену, талмай-тынбай еңбектену арқылы ғана өсесің! Міне, осындай талап-ережені сақтау ақылы халықтың құрмет-алғысын арқалай аласың».
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің құрметіне арналған игі шара концерттік кешке ұласты. Бағдарлама аясында Оңтүстіктің тумасы, бүгінде қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздарына айналған азаматтар сахнаға көтерілді. Ал мерекенің соңы Оңтүстіктің өнер шеберлерінің «Expo-2017» халықаралық көрмесіне дайындаған ән-тартуының тұсауының кесілуімен тәмамадалды. Айта өтейік, айтулы шарада 41 сала үздігі қызыл кілеммен құрметпен жүріп өтіп, марапатқа ие болды.