Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті

284
ОҚО әкімі зиялы қауыммен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 12-сессиясы өтті. Депутаттардың қарауына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы ұсынылған болатын. Нәтижесінде халық қалаулылары өңірімізде бой көтеретін, білім саласы бойынша 7 нысанның тізімі бекітілді. Бұған қоса кәсіпкерлер тарапынан көтерілген келісім-шарт негізінде бағаланған нысандардың құны да ескерілетін болды.

Сессияның күн тәртібіне енгізілген мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау мәселесі бойынша баяндама жасалды. Айта кету керек, бұл бағытта өңірімізде бес жоба жүзеге асады.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімінің бірінші орынбасары: «Қайтпас-1 шағынауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы салынады. Және Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 320 орынды балабақшасының құрылысы жүргізіледі.»

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бір күн бұрын тұрақты комиссиялардың мәжілістерінде жан-жақты талқыланғандықтан, шешім бірауыздан қабылданды. Сөйтіп, жүзеге асатын бес жоба бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданды. Депутаттар бұған қоса жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалардың тізбесін де бекітті. Құжатқа сәйкес өңіріміздегі қала-аудандарда 7 балбақша бой көтереді. Сесссияның жұмысына қатысқан облыс әкімі өңірімізге қажетті нысандарды салуға ниет білдірген кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, бизнесмендерді алдағы уақытта жүзеге асатын жобаларға қатысуға шақырды.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Кәсіпкерлер өз қаражатына нысандарды салады. Ал мемлекет құрылысқа кеткен шығындарды 4-6 жылда өтейді. Және кәсіпкерге сенімді басқарушы ретінде емхана мен балабақша қызметін ары қарай жүргізсе, онда 14-19 жылда сыйақы төленеді.»

Күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша шешімдер қабылданып сессия өз жұмысын аяқтады. Дегенмен, одан кейін облыс мәслихаты хатшысының өтініші бойынша депутаттар жеке қалды.

Сонымен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыруға түзілген келісім-шартта кәсіпкерлердің ұсыныстары мен сын-ескертпелері ескерілсе, онда келешекте жобаға қатысушылар саны да артуы мүмкін. Тиісінше, өңірімізде балабақша, мектептер мен емханалар көптеп салынады деген сөз.