«Жасыл Қазақстан — ЭКО». Бұл — шырайлы Шымқаланы көгалдандыру мақсатында қолға алынған тағы бір жаңа жоба. Оның аясында Отбасы аллеясының маңайына 240 түп ағаш егілді. Бұл игі бастамаға жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылар да қатысты. Жаңа өмірдің жаршысы іспеттес бұл шараға біз де куә болып қайтқан едік.
Қарасу өзенінің бойынан орын тепкен Отбасы аллеясында қол ұстасқан тоғыз жұп өмірдің жаңа сатысына қадам басып, ресми түрде некелерін қиды. Солардың бірі — Асыл мен Лаура да айтулы күнді ізгі іспен ұштастыруды құп көріпті. Отағасы атанған күйеу жігіт ер-азамат ретінде бір міндетімнен құтылдым дейді. Ендігісі — қолына қондырған ақ құсына асыл жар бола біліп, үй тұрғызып, бала өсіру.
Асыл Сералы: «Бізге жоба ұйымдастырушыларынан ұсыныс түскенде қуана келістік. Алла қалап, алтын тойымызда бала-шағамызбен өзіміз қондырған ағаштардың көлеңкесінде саялауға келеміз деген үміт бар.»
Жас отау иелерінің қуаныштарына ортақтасқан аға буын өкілдері ақ баталарын беруге асық. Араларында күміс, алтын, тіпті, гауһар той де иелері бар.
Кеңесбай-Қалипа Нұрашаевтар, гауһар той иелері: «Біздің отауласқанымызға алпыс жылдан асты. Осындай игі шараға ұмытпай, құрмет тұтып, шақырғандарына алғысымыз шексіз. Жастарға бақыт тілейміз.»
«Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, ұрпақтар сабақтастығы мен асыл мұраны көздеген жоба отбасы мерекесіне орайластырылған. Алдағы жылдары да игі бастама жалғасын табады деген ниет бар.