«Махаббат марафоны» жас отбасылар арасында спорттық сайыс өтті

85

Халықаралық отбасы күніне орай Шымкент қаласында марафон өтті. Жас отбасылар арасындағы «Махаббат марафоны» биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар 2 шақырымға жүгірген сайыста эстафета түрінде бақ сынады.

Азизхан мен Нигара Камилжановтар отбасымен бірге түрлі жүгіру марафондарына қатысуды әдетке айналдырған. 15 жыл жеңіл атлетикамен айналысып жүрген отағасы 4 жыл отасқан жарын әуесқой жүгіруге үйретіп жүргенін айтады. Жас жанұя қалада алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Махаббат марафоны» туралы естігенде, бірден қатысуға бел будық дейді.

Азизхан Камилжанов, «Махаббат марафонының» жеңімпазы: «Мұндай «Махаббат марафонына» бірінші рет қатысып тұрмын. Бүгін жеңіске жеттік біз. Бұдан алдын біз келіншегіміз екеуміз жүгіріп жүргенбіз, дайындалып жүргенбіз. Негізі марафондарға қатысамыз, Шымкент, Алматы, Тараз марафондарына қатысамыз. Ал мұндай эстафеталық жүгіруге бірінші рет қатысып жатырмыз».

Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған сайысқа 30-ға жуық жұп қатысты. Олар 35 жасқа дейін және кейін деген екі санат бойынша бақ сынады. Қатысушылар жалпы 2 шақырым, ал нақтырақ айтқанда эстафеталық үлгіде отағасы 1200 метр, ал әйелдер 800 метр қашықтықта жүгірді.

Ермек Дәрменов, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары: «Осы жарыстардың арқасында отбасындағы құндылықты арттыру және бір-біріне деген бауырмалдықты арттыру мақсатында жасалып жатқан дүние. Бұл қазір Қазақстан бойынша жасалып жатқан іс-шаралардың бірі. Бүгінде Шымкент қаласында да осындай марафон ұйымдастырылып жатыр. Оны 35 жасқа дейін және кейін деп екіге бөліп жатырмыз».

Марафонды өткізудің басты мақсаты – жастар, оның ішінде жас отбасылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, отбасылықты құндылықтарды арттыра отырып, ажырасу деңгейін азайту дейді ұйымдастырушылар. Сөздерінше, биыл алғаш рет қолға алынып отырған жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ.