Оңтүстікте өткен жылы сапасыз құрылысқа жол берген екі компанияның ісі сотқа дейін жетті. Одан басқа олқылыққа жол берген 30 мердігер анықталған. Бұл туралы бүгін облыстық құрылыс басқармасының басшысы Салыхан Полатовтың жыл басынан бері атқарылған шараларды қорытындылаған баспасөз-брифингінде айтылды. Сонымен, жауапсыз мердігерлерге қандай шара көрілді?
Тілшілер сұрақтың астына алған басқарма басшысы өңірде сақалды құрылыс атымен жоқ деп сендірді. Полатов мырзаның айтуынша, әзірге облыстағы барлық нысандарында жұмыстар өндірістік кестеге сай жүруде. Жыл басынан бері тіпті 7 нысан пайданалуға берілген. Олардың ішінде көпқабатты тұрғын үйлермен қоса өзге де әлеуметтік маңызды нысандар бар. Басқарма басшысының сөзіне сенсек, бүгінде күнгейде барлық қаржыландыру көздері арқылы 226 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін 117 үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілетін болады.
Ал мемлекеттік бағдарламалар бойынша тапсырылып жатқан кей үйлердің сапасының көңіл көншітпейтінін сала басшысы да жасырмайды. Айтуынша, сапасыз құрылысқа жол берген базбір мердігер айыппұлмен құтылса, қос бірдей мердігердің ісі сотта майшаммен қаралуда дейді. Жауапсыз жобалаушылар мен тапсырыс берушілердің де салғырттығы сан соқтыруда. Бас құрылысшы бүгін жұмысы мардымсыз мердігерлердің атын атап, түсін түстеп берді.
Әкім-қаралар мен әріптестер төбесі көрінгеннен арнайы киім іздеп кетіп, күнделікті уақытта тиісті талаптарды сақтамайтын құрылысшылардың салғырттығы да жазатайым жағдайларға әкеп соғатынын басқарма басшысы да мойындайды. Конкурстардың кеш өткізіліп, мердігерлерге тиісті қаражатқа дер кезінде жетпейтінін де жоққа шығармайды. Қаржы демекші, былтыр құрылыс саласына бөлінген қаржыдан 18 млн. теңге игерілмей қалыпты. Дегенмен, жоспар 99,8 пайызға орындалды деп сендіреді салаға жауаптылар.
Айта кетейік, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында биыл облыста 550 мың 600 шаршы метрді құрайтын үйді пайдалануға тапсыру міндеттелген. Барлық қаржыландыру көздері арқылы жыл аяғына дейін 6 мыңнан астам пәтер беріледі деп күтілуде. Бұдан өзге алдағы жылы облыста 2 бірдей пилоттық жоба жүзеге асырылады. Біріншісі — Шымкент қаласындағы Бозарық тұрғын алабында жүзеге асса, екіншісі — Бозарық-2 тұрғын үй кешенінде қолға алынады.
Мақпал Рысбаева