«Шымкент-Ташкент» бағытындағы көпір 20-мамырдан бастап жабылады. Бұл мәселе бүгін жол полициясы қызметкерлерінің қатысуымен өткен қала әкімдігіндегі жиында нақтыланды. Бұған дейін жергілікті билік өткелді 15 мамыр күні жабатынын мәлімдеген болатын.

Алайда 60-шы жылдары салынған бұл көпірдің республикалық, облыстық маңызға ие екендігі ескерілді. Жеңіл және транзитті жүк көліктерінің жүретін жолын жабуға қатысты бірнеше мәселелер де туындаған еді. Олардың бірі – алдағы 4 күннің ішінде жүргізушілерге қажетті барлық жол белгілері орнатылатын болды.

Мамандар алдын-ала өткелді зерттегенін айтады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың сөзіне сенсек, көпірдің қадалары бұзылмаған. Тек жабынқы бөлігі тозған. Сондықтан, жөндеуді сапалы жүргізу керек. Дайындық жұмыстары мен белгілерді қоюға 4 күн берілді.

Шаһар басшылығының жоспарында ені – 11 метр, ал ұзындығы 250 метрді құрайтын өткелге қосымша жаңа көпір салу да бар. Тек ол алдағы жылдың еншісінде екен. Ал биыл «Кеңес заманының көзіндей болған өткел жөнделсе, әлі біраз жылдар пайдалануға болады» деген қорытындыға келді жиналғандар.