Шымкенттегі бірқатар көшелер батпаққа айналды

365
Карл Маркс бөлімшесі

Күз маусымында қаланың іргесіндегі шағынаудандардың көшелері лай-батпаққа толады. Тұрғындардың айтуынша, жауын-шашын кезінде аяқ алып жүру мүмкін емес.

Тамара Приходьконың қаламыздағы Карл Маркс бөлімшесіне қарасты 3-ші Бадам көшесінің тұрғыны атанғанына 7 жылдан асқан. Жерлесіміз осы уақыттан бері шағымын айтып, түрлі мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырыпты. Мәселе – көшеге тегіс асфальт төсеу. Айтуынша, күз маусымында көше батпаққа айналады. Салдарынан мектеп оқушылары толарсақтан су кешіп, батпаққа малынады.

Карл Маркс бөлімшесі
Карл Маркс бөлімшесіндегі көше батпаққа толып жатыр

Тамара Приходько: «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен хат келіпті. Мұнда біздің көшенің жөнделмейтіні жазылыпты. Неге жөнделмейді?! Көшеде аяқ алып жүрудің өзі қиын ғой?»

Ал Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылығы Карл-Маркс бөлімшесіндегі ағайынның мәселесінен хабардар екен.

Абай Түрханов, жол секторының меңгерушісі: «Биыл Карл Маркс бөлімшесіндегі Алматы тасжолынан бастап жерасты өткеліне дейінгі жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл аталған шағынауданның орталық көшелері болып табылады. Яғни біз алдымен осы көшені жөндеуді жоспарладық. Қазір бөлімшедегі тұрғындардың шағым түсіпті, енді бұл келер жылғы жоспарға енуі мүмкін. Қазіргі уақытта осы мәселені қарап жатырмыз. Арнайы топ жобалау-сметалық құжатты әзірлеуі қажет. Егер қаржы қаралса, 2015 жылы орташа жөндеу жұмыстары жасалады».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=iSxs5rVgw2M[/youtube]

Бұл – мұндағы ағайынға әлі біраз күтуіне тура келеді деген сөз. Қазір олар күзден қысқа ауысқан маусымды өткеріп жатса, алда көктемнің әлегі келеді. Ал синоптиктердің мәліметіне сенсек, алдағы қыс мезгілі суық аязды ғана емес, қарлы болады. Күн райы жылынғанда жауын-шашынды күндерге ұласады.