Шымкент тағы да табиғи күштің ортасында қалды. Егер бірер апта бұрын қаламызда нөсер жауыннан кейін су басса, енді екіпінді жел құтырынды. Таңертеңнен бері күшті дауыл соғып тұрды. Ол туралы құтқарушылар ескерту жасаған да еді.
Түс қайта долы жел ағаштарды құлатып, шатырлар мен қоршауларды ұшырды. Қазір мамандар табиғи күштен келген шығын көлемін есептеп жатыр. Абырой болғанда жарақат алған адам жоқ секілді. Ал құтқарушылар ертең де екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғуы мүмкін деп ескертеді.
Мамандардың есептеуінше, Шымкентте соққан дауылдың күші секундына 23 метрге дейін жеткен. Қалалық әкімдік өкілдері хабарлағандай, жел, әсіресе, Әл Фараби және Абай аудандары аумағында құтырынды. «Қазгидрометтің» ақпаратына сәйкес, күндізгі сағат 12 шамасында желдің екпіні секундына 13 метрді құраса, сағат 15:00-де 20 метр болды. Ал 15:10-да секундына 23 метрге жетті.
— Алдын ала мәлімет бойынша Әл Фараби ауданында табиғаттың дүлей күшінен 24 тал сынып, 8 ғимараттың шатыры ұшып кетті. Ал Абай ауданында желдің екпінінен 2 үлкен ағаш опырылып құлады. Еңбекші және Қаратау аудандарында оқыс оқиға тіркелген жоқ. Бізде 4 көлікке материалдық шығын келді деген мәлімет бар. Олардың иелері өздерінің сақтандыру компанияларына хабарласуы тиіс. Бұл жағдайда әкімдік көліктерді қалпына келтірмейді немесе шығынды өтемейді, — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.
Айта кетейік, желдің шекті күші секундына 25 метр деп бекітілген. Ал Шымкентте соққан дауылдың екпіні секундына 23 метр болғандықтан, әкімдік зардап шеккендерге ешқандай өтемақы төленбейді дейді.