Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағындағы Ұлы Жеңіс күніне арналған концерт той әндерінен бастау алды. Концертті тамашалауға келген ардагерлер, тіпті, қазақ тілінде шырқалған Шакираның әнін де тыңдады. Әрине, патриоттық рухтағы әндерді ала келген әншілер де бар. Мәселен, күнгейлік әнші Асыл Жандәулетов кеш қонақтарына «Ардагер асыл ағалар» және «Сарбаздар» атты әсем әндерін тарту етті.
Асыл Жандәулетов, әнші: «Мені 7 және 9 мамырға арналған концерттерден қалдырмай, үнемі шақырады. Себебі менің репертуарымдағы екі өлең де соғыс батырларына арналады. Ал бүгінгі шараға қатысқан кейбір әншілердің тақырыптық ән дайындап әкелмегеніні — бар болғаны жалқаулық. Бір жағынан, той өлеңдері және махаббат тақырыбындағы әндер сұранысқа ие болғандықтан, көбіне әріптестерім соларды орындауға тырысады. Алайда, Жеңіс мерекесі жылына бір-ақ рет келеді емес пе?!»
Атаулы мерекелік концерт ұйымдастырушылары ардагерлерге арнап, 200 орындық әкелген. Орындықтардың кеш қонақтарына жетпегені анық. Көпшілік қауым концертті тік тұрып тамашалады.
Қонақтар арасында 86 жастағы тыл ардагері Нина Степанқызы да бар. Абырой болғанда Нина апайға алдыңғы қатардан орын бұйырыпты. Қарт әжей соғыс жылдары жайлы естеліктерімен бөлісті.
— Біздің әкелеріміз майданға аттанып, жаумен шайқасты. Отан үшін, азаттық үшін, біздің болашағымыз үшін күресті. Ал мен өзім тыл ардагерімін. Кезінде бізді Қазақстанға жер аударды. Соғыстың азабын молынан тарттық. Күніне тек 300 грамм нан алатынбыз. Аман қалдық, әйтеуір. Осы күнге аман-сау жеткеніміз үшін қазақ бауырларыма алғысым шексіз.»
Жеңіс күніне арналған концерттің бағдарламасына қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жауапты. «Отырар-TV» телеарнасының түсірілім тобы ұйымдастырушылардан жоғарыда аталып өткен той әндері жайлы бірер сөз есту үшін сұхбат алмақ болды. Алайда, бұл оңайға соқпады. Бөлім қызметкерлері бір-біріне сілтеп, сөз Самат Есболов мырзаға келгенде, ол сұхбат беруден бас тартты. Тек бір айтқаны — «концертке жауапты емес». Ақыры сұхбат беруге келіскен алалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлім секторының меңгерушісі Раушан Айғазиева. Алайда, Раушан Айғазиева да мардымды сұхбат бере алмады. Атаулы шараға кім жауапты екенін біле алмай дал болдық.