Шымкенттегі нөсер жауын жүргізуші куәлігін алушыларға кедергі келтірді

Оңтүстіктегі жүргізуші куәлігін алатындарға да ауа райы өз кедергісін келтірді. Нөсер жауын мен найзағайдың кесірінен Шымкенттегі арнайы қызмет орталығының техникалары істен шыққан. Соның салдарынан жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру жұмысы уақытша тоқтап тұр.

Өткен жылдың қыркүйек айында іске қосылған арнайы қызмет көрсету орталығы көпшіліктің үдесінен шықты. Дегенмен, бүгін бұл орталықтың залында тыныштық орнап тұр. Мұнда санаулы ғана адам бар.

Белгілі болғандай, мұндай тыныштықтың орнауына техникалық ақау себеп болыпты. Мамандар 4 күннен бері бұзылған электрониканы жөндеп жатыр. Нәтежесінде жүргізуші куәлігін алуға үміттілер сенделіп бос жүр.

Орталықтың өзге бөлімі күнделікті жұмысын атқарып, халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Көпшіліктен шағым да жоқ секілді.

Істен шыққан Wi-Fi құралды сала мамандары жақын күндері қайта іске қосуға уәделерін берді. Содан кейін жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру қайта жалғасатын болады.

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру бөлімі бос тұрғанымен, орталықтың өзге бөлімдерде жұмыс қайнап жатыр. Сала мамандарының айтуынша, миллион тұрғыны бар Шымшаһар үшін мұндай арнайы жалғыз орталық аздық етеді. Сол себепті алдағы жылдың маусым айында Абай ауданы аумағында тағы бір арнайы қызмет көрсету орталығын салу жоспарланған. Оған қажет жер мәселесі де шешіліпті. Айта кетейік, арнайы орталық құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асырылады.

Нұрлан Күдерұлы