Аз ғана жауған жауын Шымшаһарды Венецияға айналдырады дап қала жұрты бекер айтпайтыны бүгін кезекті рет дәлелденді. Түні бойы жауған жаңбырдан кейін Дулати көшесінің бойындағы бірнеше үйдің ауласы мен жертөлелеріне су кіріп, тұрғындарды әбігерге салды. Тасыған судан жапа шеккен қалалықтарға Әл Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері шұғыл көмекке келді.
Бұл — әр жауыннан кейін қайталанатын құбылыс дейді тұрғындар. Жаңашек каналынан келетін жауын суы жол бойындағы қашыртқы арықтардың арнасына сыймай, көше бойындағы үйлердің ауласы мен жертөлесіне кіреді екен. Көпшілік су тасуының зардабымен өздері арпалысуға мәжбүр.
Қала тұрғындарына көмекке Әл Фараби ауданы әкімдігінің мамандары келді. Жауаптыларлың айтуларынша, қашыртқы арықтар жауыннан кейін аққан суды толық қабылдай алмайды. Оған жол бойында тұрғындардың өздері жасаған кедергілер көп.
Десе де жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл маңдағы басты проблема — Қазыбек би көшесі мен Жаңашек каналынан Қошқар ата өзеніне тартылған мына құбырдың көлемінде. Диаметрі 500-дік құбырға Рысқұлов көшесінен ағып келетін су сыймайды. Соның салдарынан артық су Дулати көшесіне қарай кетуге мәжбүр.
Мәселенің мән-жайын зерделеген сала мамандары құбыр орнына бетон арық салуға болады дейді. Енді осы ұсыныстарын әкімге жеткізуге уәделерін берді. Ал Дулати көшесінің тұрғындары келесі жауындағы тасқының алдын алуға өз беттерінше қамдануға бел буып қала берді.
Нөсер жауын қаланың коммуналды қызметкерлеріне де қолайсыздық туындатты. Түнгі сағат 1-ден бастап шұғыл бригадалар қаланың әр ауданында су сорып, шығарып тастаумен айналыса бастады. Мамандар су басатын орындар қаланың әр тұсында бар дейді. Мысалы, Тәуке хан және Қонаев даңғылдарының қиылысы.
Мұндағы оң жақ бұрылысты су басқан. Ал оның себебі, жолды бұрғанда бұрынғы үлкен диаметрлі құбырдың орнына тар құбыр қойылған. Ал оны үлкеніне ауыстыруға осындағы жылу құбыры мүмкіндік бермейді. Бұған қоса жергілікті тұрғындардың үйлеріне жақын құбырларды тазаламақ тұрмақ, оны қоқысқа толтырып тастайтыны да жасырын емес.
Нұрлан Күдерұлы