Теологтар семинары спортшылар мен өрт сөндірушілер арасында жалғасты

Оңтүстікте дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жанынан құрылған ақпаратты-түсіндіру тобының семинары жалғасуда. Күні кеше топ мүшелері спортшылармен және өрт сөндірушілермен кездесті. Әрдайым жеңіс тұғырынан көрінуді қалайтын спортшылардың кейбірі діттеген межесіне жете алмаған жағдайда теріс ағымдардың ықпалына тез түсіп кетеді дейді мамандар. Белгілісі бүгінде спортшылар арасында теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар аз емес. Теологтар, дін өкілдері өздерінің біраз спортшыларды райынан қайтаруға сеп болғанын айтады.

«Балам бос жүрген жоқ, спорт секциясына барады» дейтін кейбір ата-ананың жайлауға жеткен жағасын жинап алуына тура келіп тұр. Өйткені теріс ағымдарды ұстанатындар енді спорт мектептеріне де ауыз сала бастапты. Қаламыздағы жоғары спорт шеберлігі мектебінде жалғасқан семинарда осы мәселе жан-жақты талқыланды. Белгілісі бүгінде спортшылар арасында теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар аз емес. Спортшылардың таңдалып алуы тегін емес екен.

Теологтар семинары спортшылар мен өрт сөндірушілер арасында жалғасты

Руслан Саматаев, теолог: «Қазақстан бойынша спорт мектебінің тән «ауру» – спортшылардың 15-20 пайызы ғана спортта қалады. 40 пайыздан астамы криминалға жақын, қалғандары басқа саланы таңдап кетеді. Ал спортшы бола алмай, арманда қалғандарды олар тез қақпандарына түсіреді. Өздеріне баурап алудың түрлі жолдарын қарастырады, залды жалға алып, жаттығудың бағасын түсіріп тастайды. «Намазхан» болсаң, «брат» болсаң, «ақи» болсаң, 1-1,5 мың теңге төлейсің. Аптасына 4-5 рет жаттығуға келесің» дейді. Одан басқа жеңілдіктері де көп. Достар, жамағат, кешкі отырыстар. Бос жүрген спортшыларға керек нәрсе. Ол өзіне қоғам тауып алады. 2,5 сағат жаттығу жасағаннан кейін адамның миы демалады. Сол кезде адамның миы ақпаратты жеңіл қабылдайды. 2,5 сағат спорттық жаттығу, ал одан кейін мимен жұмыс. Одан кейін намаз оқиды, уағыздарын жүргізеді. Осындай әдістермен адам белгілі бір жағдайға жетеді. Оны жеткізеді.»

Теологтар семинары спортшылар мен өрт сөндірушілер арасында жалғасты

Енді өрт сөндірушілер қоғамдағы дерттерді «өшірумен» де айналыспақ. Жасырары жоқ, бүгінгінің жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлық дендеп барады. Діни ахуал да жағадан ұстайтындай дәрежеге жетіп қалды. Басқосуда сөз алған теолог маман ашық күнде адасып, теріс ағымның жетегінде кетудің тарттырар азабы жайлы әңгімеледі. Құр сөзбен емес. Нақты дәлелмен. Жиһад жасаймын деп жауыздықтың жолын құшқандардың қандай жағдайға душар болатыны жөнінде деректі фильм көрсетілді.

Бектұрсын Омарбаев, теолог: «Бүгінде кереғар діни ағымдардан көбейіп кетті. Біздің Ислам діні – шынайы дін. Өте мейірімді дін. Адам өлтіруге үндемейді. Құран Кәрімде де көптеген аяттар бар. Алла Тағала бүлік шығарушыларды сүймейді. Қазіргі таңда елімізде соттың шешімімен тыйым салынған 21 діни ағым бар. Бүгінде ең қауіпті ағым сәләфиттік ағым болып тұр.»

Бұл күні семинарға жиналғандарға деректі фильм көрсетілді. Ой саларлық фильмнің негізгі көздегені «Көгін қара бұлт торлаған қиырдағы елден емес, аспаны бейбіт өз еліңнен іздеген жөн» дегенге сайды. Қоғамымызға қауіп төндіретін жат пиғылдылардан сақтану жолдарын дәріптеген жиыннан өрт сөндірушілер ой түйіп қайтқаны анық. Ал жолдаудағы басым бағыттардың негізгі көздегені де қоғам мүшелерінің жарқын болашағы екені айқын.

Гүлжан Көшерова