«Вакцинаның пайдасын түсінбейтін ата-аналар бар»

1149

Елімізде 24 сәуірден «Вакцина әсер етеді!» ұранымен иммундау апталығы басталды. Басты мақсат – әрбір адамның вакцина көмегімен түрлі жұқпалы аурулардан қорғануға болатыны жайлы ақпар беру. Апталық кезінде сала мамандары екпеден қалып қойған және бас тартқан адамдармен түсіндіру жұмысын күшейтеді. Бұл жыл сайын өтетін шара болғанымен, екпеден бас тартып жатқандар саны азаяр емес. Облыста 1285, ал Шымкент қаласында 754 ата-ана баласына екпе егуге қарсы болған.

Шыр етіп дүниеге келген сәбиге 12 сағат ішінде салынатын екпе бар. Бұл шақалақты вирусты В гепатитінен қорғайды. Анасында аталған ауру болса, сәбиін қан арқылы жұғатын кеселден сақтандырады. Одан кейінгісі – 4 күн ішінде салынуы тиіс туберкулезге қарсы екпе. Осы секілді, Ұлттық екпелер күнтізбесіндегі егілуі тиіс әрбір вакцинаның маңыздылығы бар.

Бүгінде балалар, жасөспірімдер және ересектерге 21 инфекциялық ауруға қарсы екпе және басқа да медициналық иммунобиологиялық препараттар салынады. Дифтерия, полиомиелит, қызылша, қызамақ, пневмококк, Хиб инфекциясы және тағы басқа. Мемлекет тарапынан екпеге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға артуда. Өткен жылы 6 млрд бөлінсе, биыл 7 млрд теңгеге көбейген.

Екпеден жойылып кеткен аурулар

– Тоқырау жылдарында вакцинамен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей, дифтерия, полиомиелит, қызылша, эпидпаротит секілді аурулар күрт ушықты. Топтасқан аурушаңдықпен бірге өлім-жітім тіркелді. Осыған байланысты, 1995-1999 жылдар аралағында дифтерия, полиомиелит, сіреспеге жаппай иммунизация жүргізілді. Инфекцияға қарсы екпенің нәтижесінде, облыс көлемінде дифтерия, полиомиелит 2000 жылдан бері тіркелген жоқ,-дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Қарлығаш Төлендиева.

Бөлімнің бас маманы Замира Шырбанқызының айтуынша 2010 жылға дейін еліміздегі 5 жасқа дейінгі балалардың өліміне пневмония дерті себеп болыпты. Аурушаңдық пен өлім-жітімді азайтуда пневмония дертіне қарсы екпені Ұлттық тізбеге енгізеді.

– Пневмонияға шалдығу көрсеткіші 2010 жылмен салыстырғанда 2015 жылы 1,6 есеге төмендеді. Бұл вакцинаның адам саулығына қаншама пайдалы екендігін айғақтайды. Соны кейде ата-аналар түсінбей жатады. Балалар, жасөспірімдер, ересектерге салынатын екпенің бағасы 15-17 мың теңге тұрады.

Замира ШЫРБАНҚЫЗЫ, Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларға эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы:

– Елімізде салынатын вакциналардың сапасы өте жоғары. Олар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында сертификатталып, елімізде сараптаулардан және тіркеуден өтеді. Вакцина жасауға арнайы шприцтер қолданылады. Ерекшелігі, оларды екінші қолдануға болмайды. Өздігінен бұзылады немесе бұғатталып қалады.

Осы тегін салынатын екпе арқылы бір ғана аурудың алдын алмайды. Мысал ретінде айтсақ, пневмококк инфекциясына қарсы салынатын екпе қазір сепсис, құлақтың қабынуы, іріңді құлақтың қабынуы, іріңді гайморит секілді 5 түрлі аурудан қорғайды. Пневмококк менингитімен ауырған баланы емдеуге жұмсалатын қаржы инфекцияға қарсы вакцинаға кететін шығыннан 566 есе артық. Қызылшаның жеңіл түрімен ауырған 1 науқасқа кететін шығын бір баланы вакцинациялауға кететін шығыннан көп. Ал қызылша менингоэнцефалит, склероздық панэнцефалит немесе өлімге соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан, медицинаның бұл саласынан яғни, вакцинациялаудан қорқудың қажеті жоқ. Мемлекеттің тұрғындардың саулығын жақсартуға арналған шарасын тиімді және дер кезінде қолдану қажет,- дейді Замира Шырбанқызы.

бас тартқан үш топ

Медицина саласы өкілдері екпеден бас тартқандарды үш топқа бөлген.

1 топ – теріс діни-сенімдегі адамдар;

ІІ топ – екпе туралы жағымсыз пікір естігендер;

ІІІ топ – жеке көзқарастағы адамдар;

Үш топ бойынша да сала мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірақ, нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Себебі, сенім-нанымды өзгерту оңайға соқпай отыр.

«Екпе салдыру бойынша түсіндіру жұмыстарын ғана жүргізе аламыз. Алайда, оны міндеттей алмаймыз. Осы себепті, бұл мәселе заң тұрғысынан шешілсе екен» деді Замира Шырбанқызы.
Оның сөзінше, вакцина салынғаннан кейін ағзаға зиян келтіретін белгілі бір инфекцияларға қарсы антидене тудырады. Бұдан ағзада аталмыш ауруға төтеп бере алатын иммунитет қалыптасады. Осы процестер кезінде адамның (баланың) дене қызуы көтеріледі, мазасызданады, тәбеті төмендейді. Екпе жасатқан орны қызарып, ісіп, дене ауырсынуын сезінеді. Бұл процесстер қалыпты жағдай. Тек сабырмен дәргердің берген кеңестерін орындау қажет.

Облыстағы екпе жасату жұмыстарының нәтижесі

Тіркелмеген:

  • 2000 жылдан бері өңірде дифтерия, полиомиелит
  • 2011 жылдан бері сіреспе, қызамық
  • 2012 жылдан бері көкжөтел

Төмендеген:

  • жіті «В» вирусты гепатиті
  • қызылша
  • эпидпаротит
  • пневмакокк инфекциясы
  • «А» вирусты гепатиті
  • жіті респираторлы вирусты инфекция

Маман пікірі осы. Мұны ескеріп, әрбір ата-ана екпе салдыруда ережесі, екпеден кейінгі жағдай, күтіну, кері әсер беру мәселелерін толықтай біліп алғаны дұрыс.

Қарлығаш ТӨЛЕНДИЕВА, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларға эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы:

– Дифтерия, полимиелит,сіреспе бүгінде кездеспейді. Дегенмен, 2,3,4, 6,18 айларда және 16 жасқа толғанда, 26, 36, 46, 56 жаста осы ауруларға қарсы екпе жасалады. Сіреспенің споралары топырақта ұзақ жылдар бойы өмір сүре береді. Айталық, адам қандай да бір апатқа түсіп, жарақат алды делік. Қоршаған ортада аталған аурулардың қоздырғыштарының бар-жоғына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал салынған вакцина аурудың қауіптілігінен сақтайды. Екіншіден, бұл кейбір аурулар бізде кездеспегенімен өзге елдерде бас көтеріп жатады. Қазір шетелге саяхаттайтындар көп. Осы мәселені тұрғындар ескерсе дейміз.

Түйін.

«Вакцина әсер етеді!» иммундау апталығы апта соңына дейін жалғасады. Егер қалаға көшіп, мекенжайды ауыстырып жатсаңыз, екпе жасатудан кеш қалып, кейбір ақпараттарды білмеген болсаңыз, апталық аясында жергілікті тіркелген емханаға жүгінуге болады. Ең бастысы – екпе жасату тегін. Діни-сенім, өзгеше көзқарас, екпенің зияндылғы жайлы қауесет ересек адамдар үшін маңызды шығар, бірақ баланың денсаулығы бірінші кезектегі мәселе болуы тиіс. Балаларымызды дерттен сақтайық!

Облыстық қоғамдық  денсаулық сақтау  департаменті
инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы эпидемиологиялық қадағалау бөлімі

Тел: 30-03-04

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ