«Жұмыссыз» деп тіркелудің жұмысы көп

1479

Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыз азаматтарға медициналық сақтандыру жүйесі жығылған үстіне жұдырық болуы мүмкін. Егер жұмыссыз деген мәртебе алмаса, онда медициналық көмек көрсетілмейді. Ал Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы өздеріне келген азаматтарды жұмыссыз деп тіркеуден бас тартып жатыр. Денсаулық сақтау саласының мамандары мен нұротандықтар мәжіліс өткізіп, осылай деп дабыл қақты.

Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстандағы жұмыссыздар саны 441 900 мың адамға жеткен. ал, өңірде олардың саны 60 мыңнан асады.

Жұмыссыз мәртебесін алудың ережесі бар

2016 жылы жұмыссыздар көлемін анықтау тәртібіне өзгеріс енді.

Азамат жұмыстан шығып қалған соң 10 күннен кейін жұмыспен қамту орталығына барып, өзін «жұмыссыз» деп тіркейді. 10 жұмыс күні өткен соң «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесі арқылы оның деректерін тексеріп, жұмыссыз ретінде тіркеу немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Жұмыссыздар ретінде тіркелуге өтініш білдірген азаматтарға арнайы мекеме дерекқорда бар бос жұмыс орындарды ұсынады. Жолдама арқылы жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына үш рет жолданады. Жұмысқа қабылдаудан бас тартылған жағдайда «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесі автоматты түрде қабылдап, жұмыссыз ретінде енгізіледі. Осыған байланысты азаматтарды жұмыссыздар ретінде тіркеу мерзімі 10 күнге созылады.

Тағы бір айта кетерлігі, өтініш білдіруші әр үш күн сайын жұмыссыз екенін растап отырса ғана жұмыссыз ретінде тіркеледі екен. Алайда, үш күн сайын растап отырмақ түгілі, өзінің жұмыссыз екенін тіркемей жүрген қаншама азаматтар бар. Сондықтан жұмыссыздар саны қазіргі статистика көрсеткіштерінен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Сандық түбінде жатқан диплом… Кім кінәлі…

Қазақстанда жоғары білімді 1,5 млн адам жұмыссыз жүрген көрінеді. Білімді жастардың 30 пайызы еңбекке араласуына мүмкіндігі жоқ. Жас мамандардың 60 пайызы өз мамандық саласын дұрыс таңдамаған.

— Бұл цифрлар жұмыссыздар деңгейінің қаншалықты екенін көрсетіп отыр,-дейді экс-министр Жақсыбек Күлекеев.

Massaget.kz сайтының жазуынша Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері сұранысқа ие мамандықтарды анықтауда дұрыс зерттеу жасалмаған. Бітіруші түлектер өз саласын дұрыс таңдамағандықтан, мамандығын игере алмаған. Ал Назарбаев Университетінің оқу ісі жөніндегі маманы Қорлан Сыздықовтың айтуынша, мектеп түлектерінің 87%-ы мамандық таңдау кезінде әке-шешесінің немесе ұстаздарының айтқанына тәуелді. Ал олардың 81%-ы қазіргі таңда нарықта қандай мамандықтар сұранысқа ие екені мен олардың табыстық айырмашылықтары туралы ақпаратқа ие емес екен. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары да сұранысқа қажет емес мамандықтарды дайындауды үрдіске айналдырған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тел:

30-10-36

Жұмыс тауып беретін бағдарламалар

Облыстағы жұмыссыздар саны 60 мыңнан асады. 730 мың жастың 15 мыңнан астамы жұмыссыз. Өткен жылғы дерек бойынша, жұмыспен қамтылғаны – 42 446 адам. Ал Шымкент қаласында жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрғандар саны — 5718, оның 2958-і жастар. Бұл ресми дерек.

«Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы

Бағдарламаның үш бағыты бар:

1 бағыт –
бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Бұған қиын жағдайға тап болған және тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері қатарындағы 9 және 11-сыныптарды бітірушілер, оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеп жүрген адамдар қатыса алады. Оқудың ұзақтығы кәсіптің ерекшелігіне қарай бір айдан алты айға дейін созылады. Бағдарламаға қатысушылар оқуына ақы төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, шәкіртақымен, жол жүру ақысымен қамтамасыз етіледі. Басқа қаладан келген қатысушылар үшін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығындары өтеледі.

2 бағыт –
кәсіпкерлікті дамыту. Мұнда «Бас-тау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытады; кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетіледі; қалалар мен ауылдарда шағын несиелер беріледі. Бағдарламаға қатысатындар: жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар мен ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері. Олар несие алуы үшін міндетті түрде салық органдарында тіркелуі қажет.

3 бағыт –
халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Бұл бағдарламаға жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатысады. Жүгінген азаматтар үшін лайықты бос жұмыс орындарын іздеуді және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді халықты жұмыспен қамту орталықтары жүзеге асырады. Бағдарламаға қатысушыларға түрлі жұмыс орындарына орналасуға жәрдем көрсетеді. Қажетті біліктілігі болмаса, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіледі.

«Өрлеу» бағдарламасы

Келісімшартқа отырып, шартты қаржылай көмек беретін бағдарлама. Қаржылай көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болуы тиіс. Мұқтаж отбасылармен әлеуметтік келісім түзіліп, алты айға шартты ақшалай көмек беріледі. Оны ай сайын төлеуге немесе 3 тоқсанның ақшасын бірден беруге болады. Бірақ өтінім берушінің ақшаны қалай жұмсайтыны туралы жоспары болуы қажет. Мәселен, жеке іс бастау үшін шаштараз, асхана ашып не болмаса мал сатып алып, басын көбейтуіне болады. Бұл ақша қайтарымсыз және тоқсан сайын құжат тапсырудың қажеті жоқ. Берілетін шартты көмек қаражаты мынадай:

Күнкөріс деңгейі ІІ тоқсанға — 21 291 теңге. Оның 60 %-ы – 12 775 теңге. Мысалы: бір отбасында бес адам яғни ата-анасы және 18 жасқа дейінгі үш балаcы бар делік. Отбасы табысы айына — 30 000 теңге, бес адамға 6000 теңге. 12 775-6000=6675 теңге. Яғни бес адамға айына 33 875 мың теңге, үш тоқсанның ақшасы шамамен 101 625 мың теңге. Айта кетейік, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша құжатты енді жұмыспен қамту орталығы қабылдайды.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы

Бағдарламаның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарының, колледждер мен лицейлердің түлектеріне мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсету.  Бағдарлама шарты бойынша, жас маман меншік түріне қарамастан, кез келген ұйымда тәжірибеден өте алады. Биылдан бастап жас маман ай сайын 56 мың теңге алады.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы

Оқу бітірген мамандарды ауылдарға тарту бағытында жүзеге асып келе жатқан бағдарламаның бірі. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және өнер саласын бітірген жас мамандарды ауылға жұмыс істеуге тартады. Оларға мынадай қолдау жасалады:
• 70 АЕК (129 640 теңге) көлемінде көтерме ақы бір жолғы жәрдемақыны төлеу;
• 1500 АЕК (2 778000 теңге) көлемінде 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен, 15 жыл мерзімге арналған тұрғын үй алуға және құрылысы үшін бюджеттік несие.

Түйін:
Әлеуметтік міндетті сақтандыру жүйесі іске қосылатын күн де алыс емес. «Жұмыссыздар» мәртебесін алмағандардың «басы ауырып, балтыры сыздай қалса» жағдайының не болатыны белгісіз күйінде қалып отыр.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ