Жапонияға барып жұмыс істеп, ақша табамыз деген 11 жерлесіміз өздері берген 2800 АҚШ доллары қаржысын қайтарып беруді талап етуде. Айтуларынша, 7 мемлекетке жұмысқа жібереміз деп жарнама берген «Сабеж» компаниясы бірнеше айдан бері екі жақты түзілген келісім-шартты орындамай отыр. Жұмыс іздегендер бір емес, екі рет жолға да шығыпты. Діттеген жерлеріне жете алмаған азаматтар бүгін компания ғиамаратына барып, ақшаларын кері қайтаруды талап етті.
Жұмыс іздеген бұл жерлестеріміздің біразы алғашында Өзбекстан елінен кері қайтса, енді бірқатары Кореяда бірнеше күн жертөледе қамалып үлгерген. Сол елден кері қарай депортацияланған. Жұмыс тауып беруді уәде еткен компания өкілдері болса, ақшасын алып, қарасын да көрсетпей кеткен.
Ақшаларынан айрылып, ашуға булықан жұрт құқық қорғау органдарына шағымданыпты. Ал келісім-шартты орындай алмаған компания өкілдері ақша алғанын жасырмайды. Тек ол қаражат ұшаққа жол билетін алуға және виза жасауға жұмсалды. Келісім-шартта шекарадан өткізу көрсетілмеген деп жалтарып отыр.
Жұмыс тұрмақ, әрқайсысы 1 млн теңгеге жуық ақшасынан айрылып, әуреге түскен 11 жігіт қайтсек те қаржымызды кері қайтарамыз деп отыр. Олар алғашқы жарналарын несиеге алып бергенін айтады. Даулы іспен енді құқық қорғау органдарының мамандары айналысатын болады.
Нұрлан Күдерұлы