Күнделікті жаңалықты қарап отырып, «атып кетіпті», «қарумен қорқытыпты», «қару асыныпты», «әлімжеттік көрсетіпті» деген сұмдық оқиғаларды естиміз. Министрлiктiң дерегi бойынша соңғы 6 жылда травматикалық қарумен жасалған қылмыстардың саны 8 есеге өскен. Қарудан оқ ататындардың арасында жасөспiрiмдер де бар. Бұдан бөлек әскери шендегілер берілген қару-жараққа жауапкершілксіз қарауынан жапа шеккендер бар. Жуырда Шымкент гарнизоны әскери сотында шекарашылардың қаруынан ажал құшқан 6 жасар балаға қатысты іс қаралып, үкім шықты.
Оқыс жағдай осы жылдың 8-ақпанында болған еді. Ойын баласы әкесінің қызметтік қаруынан ажал құшқан. Осы оқиғаға қатысы бар бес шекарашының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында анықталғандай, Қызылорда облысындағы 2019 шекара отрядының 4 әскери қызметшісі мемлекеттік шекараны күзету жөнінде бұйрық алып, қару-жарақтарымен шығып кеткен. Алайда олар бұйрыққа бағынбай, өз беттерінше бекетті қараусыз қалдырыпты.
Атап айтқанда, аға лейтенант Рахымжан Түзеловтың бұйрығымен барлығы кіші сержант Ермахановтың үйіне барған. Үйдің бір бөлмесіне төрт Калашников автоматы мен қызметтік тапаншаны қалдырып, өз шаруаларымен шығып кетеді. Ересектердің жоғын пайдаланып, қаруды қызықтаған кіші сержанттың балалары қарумен ойнап отырып, бірі екіншісін атып тастаған. Оқ тиген бала сол жерде көз жұмды. Осы жағдайдан кейін бес шекарашының үстінен Қылмыстық кодекстің 445 бабы «ҚР-ның Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бұзу» және 462 бабы «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» баптарымен іс қозғалып, Шымкент әскери соты шекара қызметіндегі кезекшілігін тастап кеткен қызылордалық бес бірдей жауынгерді әскери шенінен айырды. Ал алты жасар баланың өліміне әкеліп соқтырған оқиғаға басты кінәлі деп танылған аға лейтенант Рақымжан Түзелов бір жылға сотталып, жазасын қоныс колониясында өтейтін болды. Оның қарамағында қызметте болған басқа төрт шекарашыға бірдей бір жылдан шартты жаза тағайындалды.
Тағы бір оқиға елді дүрліктірді. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясында атыс жаттығуы кезінде 10 «Макаров» тапаншасы жоғалып кеткен. КТК телеарнасының мәліметіне сүйенсек, 10 дана «Макаров» тапаншасы білім ордасынан осыдан бір жарым ай бұрын жоғалған екен. Бірақ атыс қаруларының қолды болғанын басшылар енді ғана білген. Оқ-дәрісі жоқ он тапаншаны оқытушылардың бірі жаттығуға пайдалану үшін қоймадан алып, кейін кафедрадағы әріптестерінің біріне бере салған. Бірақ қару-жарақты өткізгені туралы мәлімет журналға енгізілмепті. Содан бері тапаншалар ұшты-күйлі жоқ. Қолды болған қару-жарақты әскерилер өз беттерінше іздеп көрген. Ақыры табылмаған соң полицияға хабарлаған. Арнайы құрылған жедел-тергеу тобы тапаншаны ұрлаған күдіктіні ұстады. Шекарашылардың қаруын қолды қылған ұры сырттан келмепті. Әскерлердің белінде жүруі тиіс қаруды ұрлаған академияның жүргізушісі болып шыққан. Тапаншалар күдіктінің үйінен табылған. Абырой болғанда, ұрланған қарудан қайғылы оқиға орын алмаған. Десе де бұл қаруға жауапты болған адамдарды ақтамайды. Ал аталаған қылмыс бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қару-жарақ жыры жастардың арасында да өршіп тұр. Мысалы таяуда ғана Шымкент қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны, рұқсат етілмеген орында шылым тартып, сақшылардың көзіне түседі. Жанында 3 досы болыпты. Олар полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап бермей, кетіп қалуға тырысады. Осы кезде жігіттердің қолындағы сөмке мен олардың күйгелектенуі тәртіп сақышыларының назарын аударады. Оның өзіндік себептері де бар екен. Қолдарындағы сөмкеде екі бірдей травматикалық қару табылған. Абай аудандық бекініс пунктінің инспекторының айтуынша, қарудың иесі тергеу кабинетінде қарудың өзінікі емес екенін және оны досы «уақытша алып жүруге» бергендігін айтқан. Табылған екі травматикалық қару сот баллистикалық сараптамаға жіберіліп, қарудың иесін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Десе де, Азаматтардың конституциялық құқығы мен қоғамдағы қауiпсiздiгiн сақтау мақсатында травматикалық қару ұстауына рұқсат берiлген болатын. Қаруды сатып алушы азамат кәмелет жасына толған болуы бас-ты шарт. Тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс. Сондай-ақ, оның сотталмағандығы, психо-нашақорлық диспансерде есепте жоқ екендiгi, ҚР азаматтығын растайтын туралы анықтамасы болуы керек. Осы орайда оқушылар қаруды қайдан алады деген сұрақтың тууы заңдылық. Мамандардың айтуынша, мектептің «дөкейлері» басқа мектептен ауысып келген, төменгі сыныптың оқушыларына қоқан лоққы көрсету, әлімжеттік жасау арқылы тиын-тебен жинайды. Осылай ортадан жиналған ақшаға араға адам салу арқылы қолдан, яғни қара базардан қару сатып алады. Бұл қаруды қолға түсірудің бір ғана мысалы.
Бағлан АБДУЛЛАХАТ, облыс прокуратурасының басқарма аға прокуроры
– ҚР Үкіметінің 2014 жылдың 29 қазанындағы №1145 қаулысы бойынша жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын және газды қаруды сақтауға және алып жүруге тыйым салынды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан жыл соңына дейін барлық азаматтар мұндай қаруларын ерікті түрде құқық қорғаушыларға тапсыруға міндеттелді. Ал 2016 жылдың қаңтарынан бастап №1145 қаулы күшіне енді. Бұрын қару-жарақты заңсыз сақтағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып келсе, енді қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру әрекеттері үшін ҚР қылмыстық кодексінің 287 бабында қылмыстық жауаптылық көзделген, ондағы ең ауыр жазаның түрі – 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Ал, қаруды заңсыз жасау дерегі үшін ҚР қылмыстық кодексінің 288 бабында қылмыстық жауаптылық көзделген, ең ауыр жаза – 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қаралады.
Әлия ӘДІЛБЕК