Әділет басқармасы халықтың құжат рәсімдеудегі сауатын ашпақ

439

Енді қоғамда құжат рәсімдеу мәселесі жеңілдеді. Түйткілді құжаттар үшін қағазбастылыққа ерік беріп, сан саққа сабылудың да қажеті жоқ. Бұл үшін Еңбекші аудандық әділет басқармасы жаңа жобаны қолға алып, жүзеге асырып жатыр. Мамандардың айтуынша, әр сәрсенбі сайын мекемеде ашық есік — халықты қабылдау шарасы өтеді. Яғни, тұрғындар заңнама аясында түсінбеген сауалдары мен құнтталмай, қорғалмай жүрген құқықтарын да ортаға салады. Дөңгелек үстелде мәселенің ақ қарасын анықтап, тиісті бағдарды беру үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары мен құзырлы орган өкілдері арнайы шақырылған. Бұл жолғы жиында да рәсімделмей жүрген құжаттарын құшақтап, арыз-шағымын айта келген жерлестеріміз көп болды.

Дина Ботан, Еңбекші аудандық әділет басқармасының басшысы: «Ашық есік» шарасына көбіне жер дауын көтеріп немесе қала аумағына енді ғана енген елдімекен тұрғындары құжаттарын рәсімдеу үшін келеді. Сондай-ақ, көпшілік қауым атасының қалған мүлкін өзіне тиесілі ету үшін қандай құжаттарды жинақтауы керек, ал ЖШС-нің атауын өзгертуде қандай қиындықтар кезедеседі — міне, т.с.с сауалдармен бізге жүгінеді. Жылжымалы мүлікті меншіктеудің де жолын көрсеттік. Ең бастысы, заңды жолмен құжаттама рәсімдеудің оңтайлы әдістерін ұсынып келеміз».