Шымкентке Оңтүстік аудандардан әкелініп жатқан қауын-қарбыз күн сайын артып отыр. Өкінішке қарай сол бақша өнімдерін сату саудагерлер үшін биыл оңайға түспейтін түрі бар. Себебі қала әкімдігі өткен жылы сауда орындарына деп берген рұқсаттың биыл күші жойылмақ. 2016 жылы шығарған шешімінің күшін жою туралы жоба дайындалып, бүгіннен кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық кеңеске талқылауға жолданған. Егер бұл жоба мақұлданған жағдайда шаһар көшелерінде қауын-қарбыз сатуға тыйым салынады.
Шымкент қаласы әкімінің бақша өнімдерін сатуға байланысты өткен, 2016 жылы шығарған шешімінің күшін жою туралы жоба дайындалып, бүгіннен кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық кеңеске талқылауға жолданған. Егер бұл жоба мақұлданған жағдайда шаһар көшелерінде қауын-қарбыз сатуға тыйым салынады.
Өткен жылы Шымкент көшелеріндегі 70 жерге саудагерлерге қауын-қарбыз сатуға рұқсат берілген. Заң бұзушылық болған жағдайда жергілікті полиция инспекторлары әкімшілік айыппұл салады. Қазірдің өзінде нәпақа табуды көздеген ағайын айып төлеп жатыр.
Сала мамандарының айтуынша біздің шаһарда бақша өнімдерін саудалайтын дүкендер жеткілікті. Сол себепті қауын-қарбызды қала көшелерінде саудалауға мұқтаждық жоқ дейді. Ал сатушылар болса науқан кезінде жеткізілетін өнімдердің молдығын және мерзімдік сауда кез келген мемлекетте болатын тәжірибе екенін алға тартып отыр. Енді қалай болғанда да бұл шешімге нүктені кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық кеңестің мүшелері қоймақ.
Нұрлан Күдерұлы