Шымкентте мұнай базасында өрт болып, бір адам қаза тапты. Қайғылы жағдай бүгін таңертең сағат 7 шамасында болған. Марқұм бензиннің мөлшерін анықтау үшін цистернаның қақпағын ашқан кезде жарылыс болған деген ақпарат бар. Жарақат алған адам бірден опат болады. Алдын ала болжамдардың бірінде қауіпсіздік техникасы сақталмаған деген нұсқа тексерілуде. Жарылыстан кейін өрт шығып, АИ-92 маркалы бензиннің мыңдаған тоннасы жанып кетті.
Бұл көріністі куәгерлер түсіріпті. Өрт алдымен мұнай базасындағы үш жарым тонналық резеруардан шыққан. Болжам бойынша базада жұмыс істеп жүрген ер адам қатты жарылыстың салдарынан өрт шыққан цистернаға құлап, тірідей жанып кеткен. Қызыл жалынның қатты шарпығаны мұнай базасы маңындағы тұрғындарды да шошытып жіберген.
Төтенше жағдай қызметкерлері қызыл жалынды әрең сөндіруде. Оқыс оқиға кезінде 35 техникамен мен 200-ге тарта қызметкер жұмылдырылды. Алайда, мұнымен өрттің беті бері қайтқан жоқ. Қызыл алауды өшіру үшін қосымша өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған. Бұл техника арқылы 100 тонна су мен 1,5 тонна көбік жеткізілді.
Мұнай базасындағы өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Құзырлы орган өкілдері арнайы тексеру жұмыстарын жүргізуде. Оқиға орнында 10-ға жуық жедел жәрдем қызметінің көлігі қас қарайғанға дейін кезекшілікте тұрды. Таңғы сегізден басталған өрт төтеншеліктерді бірәз әбігерге түсірді. Тіпті құтқарушылар ауа райының қолайсыздығынан он бес минутқа өрт сөндіру жұмыстарын тоқтатқан.
Мұнай базасындағы өртті құтқарушылар әлі сөндіруде. Тіпті су жеткізе алмай әлек болды. Сондықтан, төтеншеліктер база маңындағы арық-каналдардан су алып, қызыл жалынды сөндіруге кірісті.
Лаура Нахыпқызы