Оңтүстікте мемлекеттік рәміздер мерекесі аталып өтті

733
Оңтүстікте мемлекеттік рәміздер мерекесі аталып өтті

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Мәңгі желбіре, көк туым!» атты мерекелік іс-шарасы өтті. 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай ұйымдастырылған шара, ең алдымен, «25 жыл — 25 көше» мерекелік шеруімен бастау алып, қаладағы Бәйдібек би ескерткішінен Т.Рысқұлов, Қазыбек би сынды 25 негізгі көше арқылы Тәуелсіздік саябағына дейін жалғасты.

Шеруге 20 мотоциклші мен 30 велосипедші және тақырыпқа сай безендірілген 2 автобус, 4х8 көлемінде мемлекеттік ту ұстаған 30 спортшы қатысты. Ал автобусқа еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері сынды түрлі саланың үздіктері отырды.

Оңтүстікте мемлекеттік рәміздер мерекесі аталып өтті

Шеру қатысушыларын Тәуелсіздік саябағының негізгі қақбасынан қарсы алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өңір жұртшылығын мерекемен құттықтады.

Мерекелік іс-шара «Тәуелсіздік — тұғырым» сазды-хореографиялық композициясына ұласты. Композиция барысында жалынды жастардан құралған, 100 адамдық топ заманауи сазды музыка ырғағымен флешмоб ұйымдастырып, рәміздер белгісі бар арнайы дайындалған шарларды ұшырды.

Оңтүстікте мемлекеттік рәміздер мерекесі аталып өтті

Сондай-ақ, шара барысында «Суреттер сөйлейді» қолөнер шеберлері мен қылқалам өнер көрмесі келушілер назарына ұсынылып, шеберлер жас буынға сурет өнерінің сырын ашатын тренинг өткізсе, Тәуелсіздік саябағының ортасында орналасқан субұрқақ алаңында велосипедшілер патриоттық ән ырғағымен туды желбіретіп алып жүрді.

Мұнан соң саябақтағы рәміздер алаңшасына орналасқан ту тұғыры қайта жаңғыртылып, ресми түрде көтеріліп, мемлекеттік гимн орындалды. Әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған хорға балабақша бүлдіршіндері, мектеп оқушылары, музыкалық колледж студенттері, әскери қызметкерлер, этно-мәдени орталықтардың өкілдері және ардагерлер қатысты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі