23 маусым — мемлекеттік қызметкерлер күніне орай Оңтүстік Қазақстанда осы саланың қызметшілері мен аталған қызметке үміткер жастар мерекені атап өтті. Жалпы саны 130 жас флешмоб ұйымдастырды.
Облыс әкімдігі мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ұйытқы болуымен өткен шарада «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған «Еліміздің болашақ энергиясы – мемлекеттік қызметші» атты театрландырылған-хореографиялық көрініс, Қазақстан халқының бірлігі хореографиялық композициясы және басты мерекеге арналған Бақытжан Мұстафаевтың «Мемлекеттік қызметкер» әніне қойылған апликациялық қойылым көрсетілді.
Жалпы, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі бойынша өткен жылы облыста 402 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымға тағайындалып, бұл көрсеткіш 12 пайызға артқан. Ал аттестаттау аясында облыс бойынша 8700 мемлекеттік әкімшілік қызметшінің 6843-і кешенді аттестаттаудан өтсе, соның 1766-сы өте жақсы, 4482-сі тиімді деген баға алған. Айта кету керек, аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің 15 пайызын жастар құрайды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі