23 маусым — Қазақстан полициясының күні. Биыл Қазақ полициясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы кәсіби мерекелерін салтанатты түрде атап өтті. Даңқ мемориалы жанында өткен тәртіп сақшыларының төл мерекесіне басқа да құқық қорғау органдарының басшылары қатысып, құттықтау сөздерін арнады.
Оңтүстік полицейлері төл мерекесін толымды табыстармен қарсы алды. Мәңгілік от алауында салтанатты сап түзеген жиынға ең үздік тәртіп сақшылары бас қосты. Мінсіз қызмет, адал еңбек үшін үздіктеріне құрмет грамоталары тапсырылып, мерекелік медальдар кеуделеріне тағылды. Сөйтіп 1500-нан аса полицей алғыс арқалап, мерекеде марапатталды.
Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында жанын қиып, құрбан болған полицейлердің есімдері де бұл күні естен шыққан жоқ. Қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полиция каптианы Тайыр Шералиевтің әкесі Бақытжан мырза перзентінің әріптестеріне құттықтау тілегін арнады.
Қазақстан полициясының 25 жылдығы құрметіне арналған іс шаралар облыстың барлық аудан-қалаларында аталып өтілді. Мәселен, Сайрам ауданында екі бірдей полиция бекеті ашылса, Ордабасы ауданында 26 полиция қызметкері мерекелік медальдармен марапатталды.
«Қазақстан полициясының 25 жылдығы» мерекелік медалімен күнгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де марапатталды. Осылайша тәртіп сақшыларының жұмысының насихатталуына үлкен үлес қосып жүрген тілшілердің еңбегі еленді. «Отырар» медиахолдингінің бас директоры Валентина Куликова мен «Рабат» газетінің тілшісі Данил Шемратов та мерекелік төсбелгіге ие болды.
Айта кетейік, тәуліктің 24 сағатында «Отырар» телеарнасы мен «Отырар.kz» порталы, «Рабат» және «Оңтүстік Рабат» газеттерінің редакциясы полиция қызметімен бірігіп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жайындағы материалдарды, жаңалықтарды халыққа бірінші боп жеткізіп келеді.
Жанар Есенбекова