Шымкентте әлі тоза қоймаған төсеніштер ауыстырылуда

276
Шымкентте әлі тоза қоймаған төсеніштер ауыстырылуда

Шымкенттегі Қонаев даңғылында орналасқан аялдамалар маңы қайта жаңалануда. Бұған дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бой көтерген аялдамалардың сәулеттік келбеті кімге ұнамай қалғаны белгісіз. Әлде жауаптылар бюджетте игерілмеген қаржынды осылайша жұмсауды жөн көрді ме дейді наразы тұрғындар.

Қазіргі таңда Қонаев даңғылы бойындағы «Алтын Орда» аялдамасында жұмысшылар плиталарды төсеуді аяқтауға жақын. Мұнда әлі тозығы жете қоймаған «брусчаткалар» бағасы қымбатырақ ақ плиталарға алмастырылуда.

Шымкентте әлі тоза қоймаған төсеніштер ауыстырылуда

Мұндай аялдамалар салқын аймақтарда тиімді болмаса, Оңтүстіктің аптап ыстығында көлеңке бермейді. Шымкенттіктер осылай деп наразылығын білдіруде.

Рахматтула Ділдабеков, Жаңа талап ауылының тұрғыны: «Мына айна ұнамайды, күн ыстықта қызып кетеді. Көлеңке бермейді.»

Шымкентте әлі тоза қоймаған төсеніштер ауыстырылуда

Тұрғындар жаңашылдыққа қарсы емеспіз дейді. Тек дағдарыс кезеңінде қазынадағы қаржыны жолаушыларды тасымалдаудағы күрделіктерді шешуге, шағын автобустардың қатарын арттыруға, жолкірені төмендетуге қала бюджетінен демеу қаржыны қарастырып, халыққа жағдай жасаса дейді.

Бибіжат Бекназарова, қала тұрғыны: «Әкім ауысқан сайын аялдамалар да, көгалдандыру да ауысады. Әй, одан да халықтың жағдайын ойламай ма? 35 мың теңгені адам қайда жеткізеді? Жолкіре — 70 теңге, қиналып біттік қой!»

Шымкенттегі 767 аялдаманың 560-сының күтіміне қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі жауапты. Дүңгіршектері бар 63 қызыл түсті аялдама және одан бөлек 36 аялдама серіктестіктерге 15 жылға жалға берілген. Тағы 105 аялдама жекеменшікке 25 жылға үлестірілген. Қала қосылған елдімекендерде 360 аялдама орнату жоспарда бар. Ал жаңаланған аялдамалардағы құрылымдар өзге орындарға орнатылады.