Шымкентте мемлекет қаржысын жымқырған күдіктілер ұсталды

339
Шымкентте мемлекет қаржысын жымқырған күдіктілер ұсталды

Шымкентте мемлекет бюджетінің қаржысын жымқырған деген күдікті құрықталды. Ол азаматша жалған құжаттармен қарапайым азаматтар жұмысқа орналасты деп рәсімдеп, олардың жалақысын өз қалтасына салып отырған.

Құзырлы орган өкілдерінің есептеуінше, күдікті азаматша мемлекет қазынасындағы 5,5 млн теңгеге қол салыпты. Арнайы жедел іздестіру шарасы барысында ол қылмысының айғақтарымен қолға түсті.

Бума-бума ақшалар, жеке куәліктер мен банкомат карталары. Азаматшаны құрықтау кезінде құзырлы орган өкілдері осы айғақты заттың барлығын біртіндеп тәркілеп алды. Бұл қаржыны күдікті әйел жалған жолмен өз қалтасына салып отырған. Нақтырақ айтқанда ол қарапайым азаматтарды мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналастыруға құжат рәсімдеп, кейін олардың жалақасын өз қалтасына басып отырыпты.

Сотпен санкцияланған тінту кезінде БМВ ХБЕС көлігінен 180 дана пластикалық карта, 2 млн теңгеден астам нақты ақша, 22 азаматтың жеке куәлігі және 21 адамның еңбек кітапшасы тәркіленді. Қазір бұл іске қатысты бес адамдан құралған қылмысты топ құрықталған. Алдын ала есеп бойынша алаяқтар мемлекетке 5,5 млн теңге шығын әкелген. Қылмысқа қатысы бар деген азаматтар жалған жұмыс орындарының атын жамылып, кәсіпкерлерге берілетін несиелерге де қол салып отырған деген күдік бар.

Қазіргі таңда мемлекеттің қыруар қаржысын жымқырғандардың үстінен қылмысты іс қозғалды. Енді бұл іске қатыстылардың барлығы тексерілуде.

Лаура Нахыпқызы