Бүгінде Шымкентте бұдан өзге де құрылыс қыз-қыз қайнап жатыр. Шаһарда қазір 85 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 24 тұрғын үй мен 8 мектеп ел игілігіне берілмек. Осы уақыт аралығында тапсырылатын құрылыс нысандарында болып қайтқан әріптесім Мақпал Рысбаева жұмыс жайын баяндайды.
Бұл — әкімшілік-іскерлік орталықтағы 9 қабатты, № 21 үй. Өндірістік кестеге сай 50 пәтерлі монолит баспана қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылуы тиіс. Құрылыс жұмыстарына 120 адам тартылған. Қазір мұнда әрлеу-сырлау жұмыстары жүргізілуде.
Мердігер мекеменің прорабы Мұхтар Олжасов күндіз-түні осында. Ол құрылыстың сапасын қалт жібермей қадағалайды. Себебі, талап қатаң. Үш жақты жүргізілетін тексеру шаралары кезінде кеткен олқылықтар дер кезінде қалыпқа келтіріледі дейді ол.
Аядай ғана бөлме — маманның жұмыс кабинеті. Жұмысшыларды түгендеуден бастап, құрылыс алаңындағы ұсақ-түйек шаралуардың барлығы алдымен осында тізбектеледі.
Осы аумақтағы 1200 орынды мектепте де жұмыс қарбалас. Жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс нысанды нұрсәттіктер асыға күтуде. Алайда, мердігерлер мектеп құрылысын қыркүйекке дейін тапсыра алмайтындарын айтады. Өндірістік кестеге сай салынып жатқан ғимарат желтоқсан айында пайдалануға беріледі дейді мамандар.
Ал Достық елдімекеніндегі 1200 орынды мектепті құрылысшылар жаңа оқу жылына дейін сақадай сай етеміз деп құлшынып отыр. Қазір нысанда еден төселіп, әрлеу-сырлау жұмыстары қызып жатыр. Ұлттық қордың қаражатына салынып жатқан әлеуметтік нысанның құрылысы қатаң қадағалауда. Берісі әкімдіктен бастап арысы Астанадағы жауаптыларлың күнделікті назарындағы нысандардың бірі бұл. Сондықтан болар, құрылыс алаңында мердігер компания басшысы да жүр. Серіктестік директоры нысанды шілде айының аяғында толық бітіп, тапсырамыз дейді.
Салаға жауаптылар көктемгі ауа райының қолайсыздығы құрылыс жұмыстарына да кері әсер еткенін жасырмайды. Дегенмен, нысандардың дер кезінде тапсырылуы мен сапасына бүгінде ерекше ден қойылған. Айта кететін жайт, биылдан бастап сапаға қатысты кей талаптар да күшейтіліп отыр.
Сонымен бүгінде Шымкентте 29 тұрғын үйдің, 18 әлеуметтік нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 11 үй ел игілігіне табысталса, 8 коммуналды баспана және Тұран шағынауданында 5 үй ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Құрылысы жүріп жатқан 13 мектептің 8-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мақпал Рысбаева